Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы биыл ерекше мазмұнда ұйымдастырылды. «Наурыз – жаңару мен жаңғыру мерекесі!» тақырыбындағы мерекелік думан Дулати университетінің алаңында өтіп, ұлттық құндылықтар мен заманауи ғылым жетістіктерін үйлестірген тағылымды басқосуға айналды.
Мерекелік жиынға Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер, университеттің профессор-оқытушытар құрамы мен қызметкерлер қатысты.
Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров сөз алып, жиналған қауымды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтап, бұл мерекенің қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтатын маңызды рухани құндылық екенін атап өтті. Наурыздың жаңару мен жаңғырудың бастауы екенін айтып, ұлттық дәстүрлерді дәріптеу жас ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Сондай-ақ, баршаға денсаулық, амандық және береке тілеп, Наурыздың әр шаңыраққа құт әкелуін тіледі.
Ал, Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева Наурыздың халқымыз үшін ерекше мәнге ие екенін айтып, бұл мерекенің ежелгі дәстүрлерді жаңғыртып, ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналған игілік пен жаңарудың символы екенін жеткізді. Ректор Көрісу күнінен бастау алатын Наурыздың адамдарды бірлікке, татулыққа және кешірімге үндейтінін атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен Наурызды жаңа форматта атап өту дәстүрі қалыптасқанын айтып, университет ұжымы бұл бастаманы қолдап, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлес қосып келе жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, Наурыздың ынтымақ пен бірліктің көрінісі екенін атап өтіп, биылғы наурыз айында өткен бүкілхалықтық референдумға ел болып белсенді қатысып, мемлекет болашағы үшін маңызды шешім қабылданғанын тілге тиек етті. Сөз соңында профессор-оқытушылар мен қызметкерлердің оқу орнының дамуына және жастарға сапалы білім мен тәрбие беруге қосып отырған еңбегін ерекше атап өтті.
Мерекелік бағдарламаның негізгі бөлігі «Дәстүр – ұлттың асыл мұрасы» атты сахналық қойылымдарға арналды. Әр факультет қазақ халқының бай салт-дәстүрлерін сахналық көріністер арқылы көрермен назарына ұсынды. Атап айтқанда, «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультеті «Бесіктен басталған бақыт» атты қойылым арқылы бесікке салу дәстүрін әсерлі түрде көрсетті. «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультеті «Ұлы жолдың алғашқы қадамы» қойылымымен тұсау кесу рәсімін сахналады. «Экономика және құқық» факультеті «Сырға – сырлы сезім белгісі» көрінісі арқылы құда түсу мен сырға салу дәстүрін көркем жеткізді. Технологиялық факультет «Ақ босағадан – ақ жолға» қойылымымен қыз ұзату рәсімінің тәрбиелік мәнін ашып көрсетті. Ал, «Жаратылыстану ғылымдары» факультеті «Жаңа шаңырақтың шамшырағы» атты қойылым арқылы беташар дәстүрін сахналады. Сахналық көріністер арқылы қонақтар ұлттық тәрбиенің терең мазмұнын, салт-дәстүрдің өмірлік мәнін терең түсініп, жоғары бағалады.
Сонымен қатар, кештің мәдени бағдарламасы көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлаған концерттік нөмірлермен жалғасты. Сахна төрінде «Би-НАР» бишілер ансамблі қазақтың ұлттық билерін нақышына келтіре орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. «Наз Қоңыр» триосы халық әндері мен лирикалық шығармаларды шебер орындап, мерекенің сәнін арттырды. Ал «Лаула» тобы заманауи және патриоттық бағыттағы әндерімен көпшіліктің көңілін көтеріп, кештің көркін қыздыра түсті.
Мереке барысында «Ең үздік ұлттық киім» байқауы ұйымдастырылып, қатысушылар қазақтың дәстүрлі киім үлгілерін заманауи сәнмен үйлестіре отырып таныстырды. Қазылар алқасы қатысушылардың шығармашылық ізденісін, ұлттық нақышты сақтап, оны жаңаша форматта көрсету шеберлігін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, университет аумағында асық ату, арқан тарту сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, қатысушылар өз ептілігі мен күшін сынады. Жарыс жеңімпаздары арнайы марапаттарға ие болып, көрермен тарапынан қолдау мен қошеметке бөленді.
Мерекелік басқосудың соңында қонақтар мен университет ұжымы киіз үйлерге шақырылып, ұлттық тағамдардан дәм татты. Этноауыл форматында өткен бұл бөлім мерекенің рухани мазмұнын тереңдетіп, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.
Бабадан жеткен байтақ дәстүр мен бүгінгі жас ұрпақтың жасампаздығын ұштастырған ұлттық мерекеде қонақтар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.











