Тараз қаласында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең көлемде тойланды. Қала халқы мен қонақтары үшін «Достық алаңында» ұлттық дәстүрлер мен өнерді дәріптейтін мазмұнды мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылды.
Жиында Дулати университеті «Жамбыл жырымен жаңарған Наурыз!» тақырыбында мерекелік кеш ұсынып, барша жиналған жұртшылыққа ерекше қуаныш сыйлады.
Кеш барысында қонақтар ұлттық дәстүрлерден сыр шерткен қойылымдарды, әсем әндер мен күйлерді, әсерлі билерді тамашалады. Атап айтқанда, «Би-НАР» бишілер ансамблінің қарқынды билері, «Наз Қоңыр» қыздар триосының әсем әндері, «Лаула» және «Асылбек» топтарының әсерлі орындаулары көрермендердің жүрегін жаулап, мәдени кешке ерекше сән берді. Сонымен қатар, «BoySBEND» студенттік тобы мен «МОMENS» жігіттер триосының поппури бағдарламалары заманауи ноталарды қосып, көпшілікті қуанышқа бөледі.
Мерекенің маңызды сәттерінің бірі – облыстық және қалалық әкімдерінің арнайы тігілген киіз үйлерді тамашалауы болды. Дулати университеті әзірлеген ерекше киіз үй көрмесі көпшіліктің назарын аударды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкев Дулати университетінің тіккен киіз үйін аралап, жоғары баға берді. Киіз үй ішіне ұлттық тұрмыстық бұйымдар, зергерлік әшекейлер, тарихи жәдігерлер және қазақ мәдениетін айшықтайтын экспонаттарды орналастырылды. Қала тұрғындары мен тұрғындары киіз үй ішін аралап, естелік суреттерге түсіп, арнайы мерекелік концертке жылы лебіздерін білдіріп, баталарын берді.
Әсем табиғат пен жаңа күннің қуанышы көрініс тапқан Наурыз мейрамы әр жүрекке қуаныш сыйлап, қазақ халқының дәстүрі мен бірлігін дәріптеген керемет кеш болды. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Наурыз құтты болсын!








