Жаңалықтар

ОҚУ САПАСЫ МЕН ДАМУ БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаеваның қатысуымен кеңейтілген жұмыс отырысы өтті.

Жиынға Маркетинг және кәсіптік бағдарлау басқармасы, Қабылдау комиссиясы, декандар және профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Кездесу барысында жаңа оқу жылына арналған қабылдау науқанының барысы қаралып, талапкерлерді тарту бағытындағы жұмыстардың нәтижелері талқыланды. Қабылдау комиссиясы құжат қабылдау процесі мен талапкерлер саны бойынша негізгі көрсеткіштерді таныстырды. Сонымен қатар, білім беру бағдарламаларына деген сұраныс пен талапкерлер қызығушылығы сараланды. Бұдан бөлек, оқу сапасын арттыру, білім беру бағдарламаларын жетілдіру және студенттердің академиялық үлгерімін көтеру мәселелері қаралды. Факультет декандары өз бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларын ұсынды.

Университет басшылығы қабылдау науқаны мен ақпараттық-насихат жұмыстарын күшейту, талапкерлермен кері байланысты жүйелі түрде дамыту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, университеттің стратегиялық даму бағыттары талқыланып, оқу үдерісін цифрландыру және білім сапасын халықаралық деңгейге көтеру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жиын соңында ректор тарапынан ұсыныстар қолдау тауып, тиісті құрылымдарға нақты тапсырмалар берілді.