Жаңалықтар

ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ АШЫҚ ДӘРІС ӨТКІЗДІ

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде студент жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Заң мен тәртіп: студент жастардың құқықтық жауапкершілігі мен қауіпсіз мінез-құлық мәдениеті» тақырыбында ашық дәріс өтті.

Жиынды «Азаматтық құқық және процесс» кафедрасының меңгерушісі Роза Ережепқызы ашып, студенттерді белсенді болуға шақырды. Дәрісте Жамбыл облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы, полиция капитаны Ибрагим Еркебұлан Талғатұлы жастар арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында ең өзекті мәселелерді ортаға салды.

Тәртіп сақшысы алдымен студенттер арасында жиілеп кеткен интернет-алаяқтыққа, яғни дропперлік қаупіне тоқталды. Алаяқтар жастардың аңғалдығын пайдаланып, белгілі бір пайыз үшін күмәнді ақша аударымдарын жасатады. Мұндай жеңіл табысқа қызыққандар қылмыс делдалы болып, жауапкершілікке тартылатындықтан, кез келген күмәнді әрекет кезінде бірден «102» желісіне хабарлау қажеттігі ескертілді. Сонымен қатар, жастар арасындағы үлкен мәселенің бірі – лудомания (құмар ойындар мен ставкалар) мәселесі де кеңінен талқыланды.

Спикер дәріс барысында  түнгі уақытта заңды өкілсіз жүрген 8 400-ден астам жасөспірімнің полицияға жеткізілгенін айтты. Бұл қадам жастардың еркіндігін шектеу үшін емес, қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету үшін жасалатынын тілге тиек етті. Жол қауіпсіздігіне тоқталған спикер көлікті куәліксіз басқаруға ірі көлемде (216 000 – 250 000 теңге) айыппұл салынатынын, ал мас күйде рөлге отыру 15 тәулікке қамау мен 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасын жүктейтінін айтты. Сондай-ақ, желідегі кибербуллинг дерегінің былтырғы 18-ден биыл 46-ға өскені, жалған ақпарат таратып, жала жапқандарға заң шеңберінде айыппұл қарастырылғаны ескертілді.

Ашық дәріс соңында студенттер өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, полиция қызметкерінен тұшымды жауаптар алды. Спикер болашақта полиция қатарында қызмет еткісі келетін жастарға нағыз тәртіп сақшысының бойында шыдамдылық, сабырлық және төзімділік секілді қасиеттер болуы керектігін айтып, оларды заңға бағынуға және қауіпсіздік мәдениетін бірге қалыптастыруға шақырды.