Жаңалықтар

РЕФЕРЕНДУМНЫҢ ЗАМАНАУИ АСПЕКТІЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Университет қабырғасында «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің профессор-оқытушылар құрамы және белсенді студенттермен референдумның заманауи аспектілерін талқылауға арналған жиын ұйымдастырылды.

Жиын мақсаты – референдум институтының қоғамдағы рөлі мен маңызын түсіндіру арқылы қазіргі заман талаптарына сай демократиялық процестердің дамуы туралы пікір алмасу.

Кездесуге «Казфосфат» ЖШС Бас директорының кеңесшісі Батырбек Құлекеев, «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Айгүл Кабиева және «Respublica» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Айнұр Келімбетова қатысты.

Кездесу барысында референдумның демократиялық қоғамдағы орны, оның азаматтардың мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдауға қатысуындағы рөлі және саяси жүйені жаңғыртудағы ықпалы жан-жақты талқыланды. Спикерлер референдум – халықтың еркін білдірудің маңызды құралдарының бірі екенін атап өтіп, азаматтардың қоғамдық-саяси процестерге белсенді қатысуы ел дамуы үшін маңызды екенін жеткізді. Сонымен қатар, жиында қазіргі кезеңдегі модернизация үдерістері, қоғамның жаңғыруы және мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен жауапкершілікті арттыру мәселелері де қозғалды. Қатысушылардың айтуынша, референдум секілді демократиялық тетіктер азаматтық қоғамның дамуына, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.

Профессор-оқытушылар мен студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, спикерлермен еркін форматта пікір алмасты. Студент жастар елдегі саяси жаңғыру процестеріне қатысты көзқарастарын білдіріп, қоғам өміріндегі белсенді азаматтық ұстанымның маңызын атап өтті.

Кездесу соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға референдум жайлы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізгендері үшін алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.