Жаңалықтар

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Университет қабырғасында «Инклюзивті орта – тең мүмкіндіктер алаңы» тақырыбында республикалық оқу-әдістемелік семинар ұйымдастырылды. Семинар Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беру моделін дамыту, ерекше білім беру қажеттіліктері бар тұлғалар үшін қолжетімді әрі кедергісіз білім беру ортасын қалыптастыру мәселелеріне арналды. Ұйымдастыру комитеті: «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультеті, «Арнайы және әлеуметтік  педагогика» кафедрасы.

Семинарға Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына қарасты арнайы және инклюзивті білім беру саласының өкілдері, ведомствоаралық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация мамандары, мектепке дейінгі және арнайы білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтері, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің мамандары, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.

Семинар мақсаты – білім беру ұйымдарында кедергісіз кеңістікті дамыту, инклюзивті мәдениетті қалыптастыру, педагогтер мен болашақ арнайы педагогика саласы мамандарының кәсіби біліктілігін жетілдіру. Саладағы жетістіктер мен өзекті мәселелерді талқылау арқылы нәтижеге бағдарланған арнайы педагогикалық тәжірибелермен танысу.

Семинардың ашылу рәсімінде Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректор Рысгуль Кудретуллаева сөз сөйлеп, инклюзивті білім беру мәселесі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ерекше бақылауында тұрған басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Өз сөзінде, университет қабырғасында инклюзивті ортаны қалыптастыру, ерекше білім алу қажеттілігі бар білім алушыларды жан-жақты қолдау, олардың тең құқылы білім алуына жағдай жасау бағытында алдағы уақытта кешенді жұмыстар жүргізілетінін айтты. Сонымен қатар, мемлекетіміздің инклюзивті білім беру саясатын жүзеге асыруда жоғары оқу орындарының рөлі ерекше екеніне тоқталды.

Семинар барысында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығының маманы Қарлығаш Жолдасова сөз алып, арнайы білім беру жүйесін дамытудың өзекті мәселелері бойынша мазмұнды баяндама жасады. Ол қазіргі қоғамда ерекше білім беру қажеттіліктері бар тұлғаларды әлеуметтік және мәдени ортаға интеграциялау, орта және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында қызмет атқаратын арнайы педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Семинарда қатысушылар үшін арнайы көрмелер ұйымдастырылып, психологиялық тренингтер мен логопедиялық шеберлік сабақтары өткізілді. Қатысушылар университетте және білім беру ұйымдарында жүзеге асырылып жатқан инклюзивті тәжірибелермен танысып, білімдерін дамытуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар ашық кәсіби пікір алмасу ұйымдастырылып, инклюзивті білім беруді енгізу барысында кездесетін өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды.

Семинар соңында белсенді қатысқан барлық балалар мен студенттерге Алғыс хаттар мен сертификаттар табысталды.