Жаңалықтар

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ WORKSHOP ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Университет қабырғасында «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультеті «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасының ұйымдастыруымен «Ұстаз. Түлек. Сабақтастық: Интербелсенді оқытудағы педагог жаңашылдығы» тақырыбында республикалық оқу-әдістемелік workshop өтті.

Басқосудың мақсаты – заманауи мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы кәсіби байланысты нығайту, білім беру үдерісіне жасанды интеллект пен интербелсенді технологияларды енгізудің тиімді тәжірибелерін кеңінен тарату.

Workshop-тың ашылу салтанатында факультет деканы Айсұлу Тұрарова  құттықтау сөз алып, қазіргі педагог үшін цифрлық құзыреттілік пен жаңашылдықтың маңызына тоқталды. Ал модератор Бахыт Сурабалдиева  қатысушылар арасындағы пікір алмасуды үйлестірді.

Жиын барысында еліміздің жетекші ғалымдары мен тәжірибелі мамандары өзекті тақырыптар бойынша баяндама жасады. Атап айтқанда, Шолпан Альдибекова бастауыш білім беруде жасанды интеллектіні интеграциялаудың теориялық негіздерін ұсынды. Ал, Эльмира Уайдуллақызы интербелсенді әдістердің оқушы ынтасын арттырудағы рөліне талдау жасады.

Workshop аясында ұйымдастырылған мастер-класта университет түлектері мен мектеп мұғалімдері өз тәжірибелерімен бөлісті. Назира Кужабекова жасанды интеллект көмегімен сабақ құрылымын жетілдіру жолдарын таныстырса, Гүлназым Сағатбек қазақ тілі ережелерін визуалды тәсілдер арқылы меңгертудің тиімді әдістерін көрсетті. Сонымен қатар, Аяулым Қазнабаева жаратылыстану сабақтарында жасанды интеллектіні қолданудың тиімділігін тәжірибе жүзінде дәлелдеді. Әсем Шанжарова креативті оқыту әдістерін ұсынса, Айшолпан Жанабаева бастауыш сынып оқушыларының оқу сауаттылығын арттыру жолдарын бөлісті. Ал, Айдана Оспан оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруда жасанды интеллектіні қолдану тәсілдерін таныстырды.

Жиын соңында кафедра меңгерушісі Алуа Сманова workshop жұмысын қорытындылап, барлық қатысушыларға алғысын білдірді. Нәтижесінде, педагогтар жаңа цифрлық құралдарды меңгеріп, «Ұстаз – түлек» сабақтастығын дамытудың жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізіп, сертификаттарға ие болды.