Жаңалықтар

ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫН ТОҒЫСТЫРҒАН ТҮЛЕКТЕР ФОРУМЫ ӨТТІ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ұйымдастыруымен «Дулати – білім бесігі: ұрпақтар сабақтастығы мен жарқын болашаққа сенім» атты түлектер форумы кең көлемде және ерекше салтанатпен өтті. Тағылымы терең, тарихи мәні зор басқосуға университеттің әр жылдардағы түлектері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен жастар қатысты.

Форумның салтанатты ашылуы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, көпшілік назарына университеттің қалыптасу кезеңдері, жетістіктері мен тарихи белестері қамтылған арнайы бейнеролик ұсынылды. Бейнероликте оқу орнының еліміздің білім мен ғылым саласындағы орны, университеттен түлеп ұшқан мыңдаған білікті мамандардың жетістіктері мен тілектері көрсетілді.

Форумның алғашқы құттықтау сөзі Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевке берілді. Аймақ басшысы өз сөзінде оқу ордасының өңірдің әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-инновациялық дамуына қосып отырған үлесін ерекше атап өтті. Университеттің талай жылдар бойы елге қызмет ететін кәсіби мамандар даярлап келе жатқанын айтып, оқу орнының алдағы уақытта да ірі ғылыми және білім беру орталығы ретінде дами беретініне сенім білдірді.

Басқосу барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің арнайы бейнеүндеуін тамашалады. Министр өз құттықтауында университет ұжымына, түлектерге және студент жастарға ізгі тілегін арнап, жоғары білім саласындағы жаңашыл бастамалардың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, түлектер қауымдастығының университет дамуына қосар үлесін ерекше ықыласпен жеткізді.

Келесі болып сөз сөйлеген Дулати университетінің Директорлар кеңесінің Төрағасы, техника ғылымдарының докторы Бақтыбай Қасымбеков университеттің даму стратегиясы мен халықаралық ынтымақтастық бағытындағы жұмыстар туралы сөз қозғады. Бүгінде университеттің заманауи білім беру жүйесіне бейімделіп, ғылыми әлеуетін күшейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын жеткізді.

Форум аясында мемлекет қайраткері, Алматы облысының экс-әкімі, университет түлегі Амандық Баталов сөз алып, Дулати университетінің өз өміріндегі орны ерекше екенін тебіреніспен жеткізді. Студенттік кезеңдегі естеліктерімен бөлісіп, білім ордасы талай азаматтың өміріне жол ашқан қасиетті қара шаңырақ екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, техника ғылымдарының докторы Өскенбай Мадиев университеттің қалыптасу кезеңдеріндегі елеулі өзгерістер мен жетістіктер туралы айтып, білім ордасының тарихындағы маңызды сәттерге тоқталды. Ал, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрұмова форумның жастар үшін берері мол екенін сөз етіп, түлектердің тәжірибесі мен өмір жолы жас буынға үлкен мотивация екенін жеткізді.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, университет түлегі Махметқали Сарыбеков сөз алып, Дулати университетінің ғылым мен білім саласындағы тарихи орнына тоқталып, оқу орнының ұлттық кадрлар даярлаудағы маңызын ерекше атап өтті. Көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері Асқар Абдуалы  сөз алып, білім мен ғылымның қоғам дамуындағы айрықша рөліне тоқталып, Дулати университетінің рухани және ғылыми орталық ретінде қалыптасу жолын атап өтті. Профессор ұрпақтар сабақтастығының маңызын тілге тиек етіп, түлектер қауымдастығының ел дамуына қосар үлесі зор екенін жеткізді. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Дария Қожамжарова да форумның маңыздылығы туралы ой бөлісті. Ол ғылым мен білімнің дамуы үшін осындай рухани кездесулердің маңызды екенін айтып, университет ұжымына шығармашылық табыс тіледі.

Жасанды интеллект ұлттық зерттеу университетінің бірінші проректоры, экономика ғылымдарының докторы Серік Өмірбаев қазіргі кезеңдегі цифрлық технологиялардың рөліне тоқталып, жоғары оқу орындарының заман талабына сай дамуы қажеттігін сөз қылды. Ғалымның айтуынша, жасанды интеллект пен инновациялық бағыттар – болашақтың басты талаптарының бірі. Сонымен қатар, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры, профессор Мұхтар Төлеген жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік пен тәжірибе алмасудың маңызын атап өтті.

Форумның маңызды бөлімдерінің бірі – Дулати университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаеваның «Dulaty  – 2030» бағдарламалық баяндамасы болды. Ректор өз баяндамасында университеттің алдағы даму стратегиясын жан-жақты таныстырып, оқу орданы Қазақстанның оңтүстігіндегі инновациялық-индустриялық хабқа айналдыру бағытындағы кешенді жоспарлармен бөлісті. Университет басшысы алдағы жылдары университеттің тек білім беру орталығы ғана емес, ғылым, технология және өндіріс тоғысқан көпсалалы экожүйе ретінде дамитынын атап өтті. Баяндамада Ләззат Қалымбекқызы білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының нақты сұранысына сәйкестендіру, халықаралық серіктестік байланыстарды күшейту және ғылыми-зерттеу жобаларын коммерцияландыру бағыттарына ерекше тоқталды. Бұл бағытта стартап мәдениетін дамыту, студенттердің ғылыми жобаларын қолдау және жас зерттеушілерге арналған гранттық бағдарламаларды кеңейту жоспарланып отыр. Жалпы алғанда, «Dulaty – 2030» бағдарламалық баяндамасы университеттің алдағы даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат ретінде бағаланып, қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық пен қолдауға ие болды.

Баяндамадан соң Ләззат Қалымбекқызы  мемлекет қайраткері, университет түлегі Амандық Баталовқа «Dulaty университетінің Құрметті профессоры» атағын салтанатты түрде табыстады.

Форум аясында университеттің жаңа халықаралық бастамасы – «DULATY ALUMNI GLOBAL» платформасының тұсаукесері таныстырылды. Жоба әлемнің түкпір-түкпіріндегі Дулати түлектерін бір ортаға біріктіріп, олардың кәсіби байланысын нығайтуға, тәжірибе алмасуға және университетпен тұрақты қарым-қатынас орнатуға бағытталған.

Кештің тарихи әрі маңызды сәттерінің бірі – университеттің «Endowment» қорының ресми іске қосылу рәсімі болды. Арнайы сахна төріне мемлекет қайраткері Амандық Баталов, Директорлар кеңесінің төрағасы Бақтыбай Қасымбеков және университет ректоры Ләззат Еркінбаева шақырылып, қорды салтанатты түрде іске қосты. Аталған бастама университеттің болашақтағы ғылыми жобалары мен талантты жастарды қолдауға бағытталған маңызды қадам ретінде көрермен тарапынан жоғары деңгейде бағаланды.

Форум барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Қазақстанның Еңбек Ері» Мұқаш Ескендіров пен Мәжіліс депутаты Мүтәлі Абуталип те сөз сөйлеп, жастарға ақыл-кеңестерін айтып, университет ұжымына сәттілік тіледі. Олар өз сөздерінде еңбек адамының қоғамдағы рөліне тоқталып, жастарды білімге, табандылыққа және елге адал қызмет етуге шақырды. Университеттен түлеп ұшқан әрбір маманның мемлекет дамуына қосар үлесі зор екенін айтып, Дулати университетінің түлектерін әрдайым биік белестерден көрінуге үндеді.

Сонымен қатар, «Менің болашағым – Dulaty» атты жастар алаңында студенттердің жаңа идеялары мен әлеуметтік жобалары таныстырылды.  «Enactus Dulaty» командасы өз жетістіктерін көпшілік назарына ұсынып, түрлі республикалық және халықаралық байқауларда қол жеткізген нәтижелерімен бөлісу арқылы  түрлі жобалардың даму тарихы мен әсерін жан-жақты баяндады.

Алқалы басқосудан соң  құрметті қонақтар университеттің стратегиялық маңызы бар нысандарды аралап, заманауи зерттеу бағыттарымен танысты.  Атап айтқанда, А.С. Ахметов атындағы наноинженерлік зерттеу әдістері ғылыми-зерттеу зертханасында геотехника, су ресурстары мен геофизикалық зерттеулер, құрылыс саласына арналған STEAM технологиялары, мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау мен цементтеу бағыттарындағы жұмыстар ұсынылды. Зертхана базасында жүргізіліп жатқан жобалар өндірістік және ғылыми тұрғыдан маңызды нәтижелерге бағытталған. Сонымен қатар, Физика-химиялық зерттеулер орталығында су тазарту, химиялық заттарды синтездеу және жаңа материалдарды әзірлеу салаларындағы заманауи технологиялар көрсетілді. Орталықта қолданылатын құрал-жабдықтар мен зерттеу әдістері қонақтардың қызығушылығын тудырды.

Таныстыру жұмыстары аяқталысымен, М.Х. Дулати ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылды. Қатысушылар ұлы тұлғаға тағзым етіп, оның ғылым мен білім саласына қосқан өлшеусіз үлесін еске алды.

Тағзым ету шарасы мәресіне жеткен соң қонақтар университет мұражайын аралап, оқу орнының тарихы мен қалыптасу кезеңдері, жетістіктері және көрнекті түлектерінің өмір жолымен танысты. Мұражай экспозициясында университеттің әр жылдардағы дамуын көрсететін архивтік құжаттар, фотосуреттер, ғылыми жетістіктер мен оқу орнының қалыптасуына үлес қосқан ардагер оқытушылар туралы деректер ұсынылды. Жиналған қауым өкілдері  білім ордасының өткені мен бүгінін сабақтастыра көрсететін материалдармен танысып, университеттің ғылым, білім және тәрбие бағытындағы жетістіктеріне жоғары баға берді.

Форумның жалғасы ретінде мерекелік гала-концерт ұйымдастырылды. Кеш әсем әуендермен, сырлы әндермен және әсерлі сахналық қойылымдармен өрнектеліп, көрермендерге ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сахна төрінде ұлттық және заманауи өнер ұштастығы көрініс тауып, әрбір орындау жоғары талғаммен ұсынылды. Әсем әнмен шырқалған музыкалық нөмірлер мен би қойылымдары кештің көркемдік деңгейін арттыра түсті. Бағдарлама барысында ұсынылған әрбір өнер туындысы көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, форумның рухани мазмұнын айқындай түсті.

Тағылымы мол түлектер форумы соңында құрметті қонақтар университет басшылығына алғыстарын білдіріп, ұйымдастырылған жоғары деңгейдегі жиындар үшін жылы лебіздерін жеткізді.Білім ордасынан қанат қаққан әрбір түлек үшін алдағы өмір жолы жарқын, еңбегі табысты, болашағы баянды болсын деп тілейміз!