Жаңалықтар

РУМЫНИЯДАН АРНАЙЫ АЛҒЫС ХАТ

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Ләззат Еркінбаеваға Румыниядан арнайы Алғыс хат келді. 

Қыркүйек айының соңында Румынияның Бухарест қаласы мен Констанца аймағында халықаралық «Құрылтай» ұлтаралық фестивалі өтті. Бұл фестиваль ЮНЕСКО жөніндегі Румыния Ұлттық комиссиясының (CNR-UNESCO) қамқорлығымен ұйымдастырылды.  Беделді шарада Дулати колледжінің студенті, халықаралық конкурстардың лауреаты Хафиз Еміл қазақтың қасиетті қара домбырасымен өнер көрсетіп, еуропалық көрермендердің ыстық ықыласы мен зор қошеметіне кенелді.

Ауқымды мәдени шара аясында өнер көрсеткен жас таланттың шеберлігін жоғары бағалап, Румынияның «Демократиялық татар одағы» қауымдастығының төрағасы Білгін Наим университет ректоры Ләззат Қалымбекқызына өздерінің шексіз ризашылығын білдіріп, ресми түрде Алғыс хат жолдады.

Ұйымдастырушылар өз хатында халықаралық деңгейдегі талантты тәрбиелеп, екі ел арасындағы мәдени диалог пен достық қарым-қатынасты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін білім ордасының басшылығына алғыс айтып, алдағы еңбектеріне жеміс пен табыс тіледі.

Дулати университеті мен колледжінің ұжымы студентіміздің халықаралық сахнадағы бұл жетістігін мақтан тұтады және жас өнерпазға шығармашылық биіктерді бағындыра беруін тілейді!