Жаңалықтар

САЛА МАМАНДАРЫНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің студенттері арасында «Зорлық-зомбылықтың алдын алу: Қауіпті белгілері және оны ерте анықтау» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің құқықтық және психологиялық сауаттылығын арттыру, зорлық-зомбылықтың алдын алу және жастар арасында қауіпсіз орта қалыптастыру.

Іс-шараны Әлеуметтік-мәдени жұмыс департаментіне қарасты «Студенттердің психологиялық денсаулығы, буллинг пен харасментке қарсы тұру» орталығы ұйымдастырды. Семинарды орталық басшысы Г.К. Саменова және психолог Н.М. Әділхан жүргізді. Кездесуге Тараз қаласы Полиция басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің инспекторы, полиция лейтенанты Динара Бақытжанқызы және полиция лейтенанты Ерік Серікұлы қатысты.

Кездесу барысында студенттерге зорлық-зомбылықтың алдын алу және қауіп туындаған жағдайда тиісті көмекке жүгіну жолдары туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ, студенттермен ашық пікір алмасып, қауіпсіз орта қалыптастыру, өзара сыйластықты нығайту және зорлық зомбылыққа бейжай қарамау мәселелері талқыланды.