Университет қабырғасында Қазақстан Республикасы Ғылым қызметкерлерінің күніне арналған «Ғылым арқылы дамуға» тақырыбында салтанатты марапаттау рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Салтанатты кеште Басқарма Мүшесі–ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейтжан Орынбаев сөз алып, университет ғалымдарының еңбегіне жоғары баға берді. Ғылымның ел болашағын айқындайтын стратегиялық сала екенін атап өтіп, ғылыми жетістіктердің мемлекет дамуының негізгі қозғаушы күші екенін ерекше жеткізді. Сондай-ақ, профессор-оқытушылар құрамына алғысын білдіріп, жас зерттеушілерге тың идеялар мен табысты жобалар тіледі. Ал, Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова университеттің халықаралық ғылыми кеңістіктегі орнына тоқталды. Зерттеушілердің еңбегі шетелдік әріптестер тарапынан да жоғары бағаланып келе жатқанын айтып, ғылыми байланыстарды кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректор Рысгүл Құдретуллаева білім мен ғылымның біртұтастығына назар аударды. Оқу үдерісіндегі жаңашылдықтар мен ғылыми ізденістердің сабақтастығы университет дамуының басты бағыты екенін айтып, жас ғалымдардың белсенділігіне ерекше тоқталды. Ал, Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Ғазиз Досмахамбетұлы ғылым мен қоғам арасындағы өзара байланыстың маңыздылығына тоқталды. Ғылыми жетістіктерді кеңінен дәріптеу және олардың қоғам өмірінде көрініс табуы ғылыми ой-сананың дамуына, жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруға және елдің зияткерлік әлеуетін нығайтуға зор ықпал ететінін атап өтті.
Университет басшылығы марапаттарды табыстап, ғылым саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлерді арнайы құттықтады.
Марапаттар қатарында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің төсбелгілері, Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар және түрлі ғылыми жетістіктер үшін берілген арнайы дипломдар бар. Ғалымдар тіл білімі, биология, химия, ақпараттық технологиялар, экономика, құқық, педагогика және басқа да бағыттағы еңбектері үшін марапатталды. Сонымен қатар, ғылыми жобалардағы жетістіктер ерекше атап өтілді. Халықаралық деңгейдегі жарияланымдар да назарға алынып, гранттық зерттеулердің нәтижелері мен маңызы айтылып өтті.
Жиын соңында мерекелік кештің көркін аша түскен концерттік бағдарлама көрермен назарына ұсынылды. Сахна төрінде университеттің өнерлі жастары мен шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін ортаға салып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әсем әндер шырқалып, күмбірлеген күй мен әсерлі би қойылымдары кештің мазмұнын одан әрі байыта түсті.
Марапат иелерін құттықтаймыз! Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, жаңа ғылыми жаңалықтар мен жарқын жетістіктерге жете берулеріңізге тілектеспіз!











