Жаңалықтар

САНАЛЫ ТАҢДАУ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ!

Университет қабырғасында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов профессор-оқытушылар құрамымен және белсенді жастармен кездесу өткізді.

Кездесу мақсаты – алдағы республикалық референдумның мәні мен маңызын кеңінен түсіндіру, оның ел дамуына ықпалын жан-жақты талқылау және азаматтардың саяси-құқықтық сауаттылығын арттыру.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, референдум – халық пен билік арасындағы ашық диалогтың нақты көрінісі екенін айтып, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтауда мұндай саяси үдерістердің маңызы зор екенін сөз етті. Ол бұл саяси науқан елдің стратегиялық даму бағытын айқындауда айрықша рөл атқаратынын айтып, мұндай кезеңде қоғамның белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігі сыналатынын жеткізді.
Референдум үдерісі ашықтық пен заңдылық қағидаттарына негізделетінін, сондықтан әрбір тұрғынның ақпаратқа қанық болып, саналы шешім қабылдауы маңызды екенін жеткізді. Жастар қауымына ерекше тоқталған Серік Жақсылықұлы олардың жаңашыл көзқарасы мен белсенді ұстанымы елдің ертеңіне тікелей әсер ететінін  тілге тиек етті. Қатысушыларды заң талаптарын сақтай отырып, елдік мәселелерге бейжай қарамауға шақырды.

Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева сөз алып, жоғары оқу орны тек білім берумен шектелмей, елдік маңызы бар бастамалардың бел ортасында жүретінін айрықша атап өтті. Ол университет қабырғасында қалыптасатын азаматтық көзқарас пен парасатты пайым мемлекет дамуына қызмет етуі тиіс екенін жеткізді. Сонымен қатар, студент жастардың құқықтық мәдениетін нығайту, сыни ойлау қабілетін дамыту – білім ордасының басты міндеттерінің бірі екенін жеткізді. Жас буынды ел тағдырына қатысты шешімдерге саналы түрде қарап, жауапкершілік пен отансүйгіштік танытуға үндеді.

Басқосу барысында қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, азаматтардың саяси сауаттылығын арттыру және референдумға белсенді қатысудың маңыздылығы сөз етілді. Атап айтқанда, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев қоғамда әділдік пен ашықтық қағидаттарын нығайту референдум үдерісінде де маңызды екенін жеткізді. Ал, Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Еркін Қуанышев референдум барысында азаматтардың құқықтарының сақталуы, заң аясында еркін таңдау жасау мүмкіндігі туралы кеңінен түсіндіріп өтті. Ескерткіштерді қорғау дирекциясының директоры, мәдениет саласының үздігі Сауран Қалиев елдің тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен болашаққа қадам басу арасындағы тығыз байланысқа тоқталды. Ол референдумды мемлекеттің жаңа саяси мәдениетін қалыптастырудың маңызды кезеңі ретінде сипаттап, халықтың таңдауы ел ертеңі мен рухани құндылықтардың беріктігіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы,«AQ JOL» газетінің редакциясының редакторы Дәуіт Оралхан елдік мәселелерде рухани тұтастық пен саналы таңдау жасаудың маңызын атап өтсе, ҚР Мәдениет және өнер саласының ардагері, профессор Айгүл Кабиева қоғамдық сана мен ұлттық бірліктің ықпалына тоқталды. Ол ел тағдырына қатысты шешімдер қабылдауда әр азаматтың жауапкершілігі жоғары екенін атап өтіп, рухани тұтастық пен мәдени құндылықтардың сақталуы әрдайым басты назарда болуы тиіс екенін жеткізді.

Кездесу еркін форматта өтіп, қатысушылар сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Жиын соңында референдум – әр азаматтың ел тағдырына қатысты өз үнін білдіретін маңызды демократиялық құрал екені айтылып, көпшілікті алдағы саяси науқанға белсенді қатысуға шақырды.