Жаңалықтар

САПАЛЫ БІЛІМ МЕН ИННОВАЦИЯ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Университет қабырғасында Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева «Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық» факультетінің профессор-оқытушылар құрамымен кездесу өткізді.

Ректор алдағы республикалық референдумның мемлекет дамуы үшін маңызы зор екенін атап өтіп, бұл саяси науқан әрбір тұлғаның азаматтық ұстанымы мен жауапкершілігін айқындайтын маңызды кезең екенін жеткізді. Осы ретте профессор-оқытушылар құрамын белсенділік танытуға, өз көзқарасын еркін білдіруге және мемлекет дамуындағы өз орнын терең сезінуге шақырды.  Сонымен қатар, ашық диалог алаңы әрбір ұстазға өз ой-пікірін саралап, қоғамдық маңызы бар шешімдерге саналы түрде қатысуға мүмкіндік беретіні айтылды.

Жиын барысында университет басшысы факультеттің қазіргі жағдайы мен жетістіктеріне тоқталып, алдағы кезеңге арналған басым бағыттарды белгіледі. Оқу бағдарламаларының мазмұнына талдау жасалып, олардың еңбек нарығына сәйкестігі мен академиялық жүктемені оңтайландыру мәселелері қарастырылды. Қаржылық тұрақтылықты нығайту, қосымша қаржы көздерін тарту және өңірлік кәсіпкерлік құрылымдармен әріптестікті дамыту арқылы университеттің экономикалық әлеуетін арттыру жолдары талқыланды. Ғылымды жүйелі дамыту, заманауи технологияларды енгізу және студенттердің ғылыми-шығармашылық әлеуетін арттыру алдағы кезеңнің маңызды міндеттері ретінде айқындалды. Сонымен қатар, «Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық» факультетінің қалыптасу тарихы мен жетістіктері сөз болып, оқу орнынан түлеп ұшқан спортшылар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің университет беделін арттыруға қосқан үлесі ерекше ықыласпен атап өтілді.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, профессор-оқытушылар құрамы білім беру сапасын арттыру, ғылыми жобаларды кеңейту және инновациялық бастамаларды жүзеге асыру бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды. Университет басшысы айтылған пікірлерді назарға алып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, факультетті дамытудың негізгі басымдықтары анықталып, алдағы кезеңге арналған нақты жұмыс жоспарлары бекітілді.