Жаңалықтар

СТУДЕНТТЕРГЕ ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ БОЙЫНША АҚПАРАТТЫҚ КЕЗДЕСУ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Дулати университеті мен «Отбасы банк» АҚ Жамбыл облыстық филиалының бірлесіп ұйымдастыруымен  «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында студенттермен кездесу өтті.

Кездесу мақсаты – жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру және ұлттық қаржы жүйесі мен жинақтау мүмкіндіктері туралы кеңінен ақпарат беру.

Басқарма  мүшесі –әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор  Ғазиз Досмахамбетұлы алғы сөз алып, жастардың қаржылық білімін арттыру – қазіргі қоғамдағы басты қажеттіліктердің бірі екенін атап өтті. Университет қабырғасында мұндай кездесулердің жиі ұйымдастырылуы студенттердің болашақ қаржылық тұрақтылығына оң әсер ететінін жеткізді. Ал, Әлеуметтік жұмыс басқармасының басшысы  Арнат Ұлтанбаев жастарға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсіндіріп, олардың әрқайсысы өз мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана білуі қажет екенін айтты. Ол қаржылық жоспарлау мәдениетін қалыптастырудың маңызына ерекше тоқталды.
 
Кездесу барысында спикерлер қаржылық сауаттылықты арттыру мен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының маңызын кеңінен түсіндіріп, студенттерге пайдалы ақпарат ұсынды. Атап айтқанда, Отбасы банк» АҚ Жамбыл облыстық филиалы Бизнес дамыту бөлімінің басшысы Жұлдыз Мейрманова «Ұлттық қор – балаларға» бастамасының негізгі бағыттарына тоқталып, оның жас ұрпақтың болашағына бағытталған маңызды инвестициялық жоба екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол тұрғын үй жинақ жүйесінің тиімді тұстарын түсіндіріп, оның азаматтар үшін қолжетімді баспанаға жол ашудағы рөліне назар аударды. Ал, Бизнес дамыту бөлімінің маманы Болат Кидиралиев банк өнімдері мен жинақтау құралдары жөнінде жан-жақты ақпарат беріп, нақты мысалдар арқылы қаржыны дұрыс жоспарлау мен тиімді басқарудың жолдарын көрсетті. Ол жастарды ерте бастан қаржылық тәртіп қалыптастыруға және жинақ жасау мәдениетін дамытуға шақырды.

Кездесу соңында білімгерлер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды. Ашық форматтағы сұрақ-жауап бөлімінде жастар қаржылық жоспарлау, жинақ жүйесі және мемлекеттік қолдау тетіктері бойынша пікір алмасты.