Университеттің №1 студенттер жатақханасында «Студенттік тәртіп пен тәрбие – табысты болашақтың негізі» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды.
Ұйымдастыру комитеті: Технологиялық факультет «Текстиль, материалтану және стандартизация» кафедрасы.
Кездесу мақсаты – студенттердің жатақханадағы өмір сүру мәдениетін қалыптастыру, университеттің ішкі тәртіп ережелерін түсіндіру, қоғамдық орындардағы жауапкершілік пен мәдениетті арттыру.
Кездесуге кафедраның профессор-оқытушылар құрамы доцент Ж.С. Рахманова, PhD Г.Б. Демеуова, А.Т. Онлабекова, аға куратор Г.А. Касымова қатысып, студенттік ортадағы тәртіп, қауіпсіздік, тазалықты сақтау, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау және жатақханадағы бірлескен өмірдің маңызды қағидалары туралы кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, Әлеуметтік жұмыс басқармасының маманы К.Жумагулова мен факультеттің тәрбие ісі жөніндегі декан орынбасары С.Н. Молдатаева студенттердің құқықтары мен міндеттері туралы сөз қозғады.
Кездесу барысында студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оқу үлгерімін жақсарту, қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысу, университеттің абыройын жоғары ұстау мәселелері де қозғалды. Оқытушылар жастарды білімге ұмтылып, өзін-өзі дамытуға, уақытты дұрыс жоспарлауға және студенттік өмірдің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға шақырды. Сонымен қатар, кездесуде алдағы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне студент қыздарға жылы лебіздер білдіріліп, олардың білім мен қоғамдағы рөлі ерекше екені атап өтілді.
Кездесу соңында қатысушылар арасында еркін форматта пікір алмасу ұйымдастырылды. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жатақханадағы тұрмыс жағдайы, оқу процесі, тәрбие жұмыстары және студенттік бастамаларға қатысты ұсыныстарын білдірді. Ұйымдастырушылар тарапынан барлық сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, студенттердің пікірлері назарға алынды.

