Жаңалықтар

СУ САПАСЫН ЗЕРТТЕУ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ

Дулати университетінің «Судың сапасы» ғылыми-зерттеу орталығының тобы Германия Федеративтік Республикасының Вальдбронн қаласында орналасқан «Agilent University Center» оқу-ғылыми орталығына ғылыми сапар жасады. Ғылыми делегацияны «Химия және химиялық технология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Маржан Қалмаханова бастап барды. Құрамында докторанттар мен магистранттар болды.

Сапар Қазақстандық «ProLab Support» компаниясының қолдауымен ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында қатысушылар «Agilent Technologies» компаниясының заманауи аналитикалық технологияларымен және жоғары технологиялық зертханалық жабдықтарымен танысты. Сонымен қатар, арнайы оқыту тренингтеріне, практикалық зертханалық сабақтарға және ғылыми-әдістемелік семинарларға қатысты.

Ғылыми тағылымдама барысында хроматография, масс-спектрометрия, сынама дайындау және зертханалық автоматтандыру бағыттарына ерекше назар аударылды. Қатысушылар халықаралық деңгейдегі аналитикалық жүйелермен жұмыс істеу тәжірибесін меңгеріп, заманауи зертханалық тәсілдер бойынша құнды білім алды.

Мамандардың айтуынша, сапар барысында жинақталған тәжірибе Дулати университетіндегі «Судың сапасы» орталығының ғылыми-әдістемелік базасын жетілдіруге, су сапасын талдау мен мониторингтеудің жаңа әдістерін енгізуге мүмкіндік береді.