Университет қабырғасында «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің ұйымдастыруымен «Адалдық. Қауіпсіздік. Болашақ» тақырыбында маңызды жиын өтті.
Жиынның мақсаты – білім беру саласында адалдық қағидаларын нығайту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және кәсіби этика талаптарын қалыптастыру.
Басқосуға университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.
Жиынды Аппарат басшысы Мирас Тұрғынбаев ашып, сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу еліміздің мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Ол заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін ең алдымен жемқорлықтың алдын алу және оның түп-тамырымен күресу қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «көзбояушылыққа, бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол берілмеуі тиіс» деген ұстанымын негізге ала отырып, бұл бағыттағы бақылаудың күшейтілгенін айтты. Пара беру мен пара алуға қатысты заңнамалық жауапкершіліктің қатаңдатылғанын да атап өтіп, студенттерге адалдық пен жауапкершілік қағидаларын ұстанудың маңызын түсіндірді. Ал, Әлеуметтік жұмыс басқармасының басшысы Арнат Ұлтанбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тек заң талаптарымен шектелмей, әр қызметкердің ішкі мәдениеті мен азаматтық ұстанымына байланысты екенін айтты. Ол білім беру ұйымдарында ашықтық пен әділдік қағидаларын сақтау сапалы білім берудің негізгі шарты екенін жеткізді. Кәсіби міндеттерді атқару барысында этикалық нормаларды сақтау маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі, ҚР мәдениет қайраткері, профессор Айгүл Кабиева педагог мамандар үшін кәсіби этика мен адалдық қағидаларын сақтау негізгі талап екенін атап өтті. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін жүйелі түсіндіру жұмыстары ұжымдағы ашықтық пен сенімді арттыратынын жеткізді. Әр қызметкердің жауапкершілігін күшейту білім беру сапасына тікелей әсер ететінін айтты.
Жиын барысында академиялық адалдық мәдениетін қалыптастыру, білім беру процесіндегі ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалық талаптармен танысып, білім беру ортасында сенім мен жауапкершілік мәдениетін дамыту жайында пікір алмасты.
«Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің деканы Гүлнұр Исабекова сөз алып, академиялық адалдық білім беру сапасын арттырудың негізгі факторы екенін атап өтті. Студенттер мен оқытушылар арасындағы сенім мен құрмет оқу процесінің тиімділігін күшейтетінін жеткізді. Сондай-ақ, жастардың бойында адалдық, әділдік және еңбекқорлық құндылықтарын қалыптастырудың маңызын сөз етті.
Жиын соңында қатысушылар білім беру саласында адалдық пен ашықтық қағидаларын нығайту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті. Ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, жиынның тәрбиелік және танымдық маңызын ерекше бағалады.

