Жаңалықтар

ТАНЫМДЫҚ СҰХБАТ-КӨРМЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Университет қабырғасында  «Абайдың «Толық адам» ілімі және Бауыржан Момышұлының ұлттық тәрбиесі» тақырыбында танымдық сұхбаттасу-көрмесі ұйымдастырылды. Ұйымдастыру комитеті: Әлеуметтік жұмыс басқармасы және
«Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы.

Басқосудың мақсаты – ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының рухани-адамгершілік ілімін және қазақтың даңқты қолбасшысы Бауыржан Момышұлының ұлттық тәрбиеге қатысты көзқарастарын кеңінен насихаттау, жастардың рухани-танымдық дүниесін дамыту.

Модератор әрі Әлеуметтік жұмыс басқармасының маманы Ербол
Мамедалиев сөз алып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тарихи тұлғалардың мұрасын қазіргі ұрпаққа түсінікті түрде жеткізу – қоғам дамуының маңызды бағыты екенін жеткізді.

Басқосу барысында бірқатар ғалымдар мен сала мамандары сөз алып, тақырыптың өзектілігіне тоқталды. Атап айтқанда, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Темірбай Мұқашев Абайдың «Толық адам» концепциясының философиялық және тәрбиелік мәнін жан-жақты түсіндірді. Оның айтуынша, бұл ілім адам бойындағы ақыл, қайрат және жүрек үйлесімділігін қалыптастыруға бағытталған терең гуманистік жүйе болып табылады. Ал,«Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Әлімбай  Найзабаев Бауыржан Момышұлының ұлттық тәрбие жөніндегі ой-пікірлеріне тоқталып, батырдың елдік рух пен отансүйгіштік тәрбиені қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті. Ол Бауыржан Момышұлының мұрасы бүгінгі жас ұрпақ үшін патриоттық тәрбиенің берік негізі екенін жеткізді. Сонымен қатар,  Әлеуметтік жұмыс басқармасының Дінтану бойынша бас маманы Бахтияр Алпысбаев ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтардың қоғамдағы орны туралы пікір білдіріп, рухани сабақтастықтың маңыздылығына назар аударды.

Басқосу соңында қатысушылар арасында Абайдың философиялық көзқарастары, «Толық адам» ілімінің қазіргі қоғамдағы қолданылу аясы, Бауыржан Момышұлының тәрбиелік ұстанымдары жөнінде мазмұнды пікір алмасу өтті. Қатысушылар өз ойларын ортаға салып, тақырып бойынша жан-жақты талқылау жүргізді.