Жаңалықтар

ТАРАЗДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «SHABYT» ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТТІ

 М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде еліміздің ең дарынды жастарын біріктірген республикалық «SHABYT» шығармашылық фестивалі өз мәресіне жетті. Халықаралық креативті индустриялар форумы аясында ұйымдастырылған бұл ауқымды шара ұлттық мәдениет пен заманауи өнерді ұштастырған бірегей мәдени алаңға айналды. Фестивальге еліміздің 7 өңірінен 11 жетекші жоғары оқу орнының дарынды жастары қатысты.

Фестивальдің ашылуында Дулати университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева аталмыш іс-шараның ерекшелігі мен жоғары оқу орындары арасындағы мәдени байланыстың маңыздылығы туралы ой қозғады.

Қатысушылар  вокал және хореография бағыттары бойынша өзара бақ сынасты. Байқау талабы бойынша қатысушылар екі ұлттық би билеу қажет, ал вокал бағытында қатысушы жанды дауыста патриоттық  және еркін тақырыпта  ән айтады. Патриоттық сарындағы ән қазақ тілінде болу керек.

Тартысты доданың нәтижесінде  хореография бағыты бойынша ұлттық биден Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті I орынды иеленсе,  М.Әуезов атындағы оңтүстік Қазақстан университетінің бишілері гран-приді жеңіп алды. Заманауи би бойынша Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты I орынды иеленсе, Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің өнерпаздары бас жүлдені жеңіп алды. Вокал бағытында «Тұран-Астана» университетінің студенті Дінмұхаммед Қолдас қарсыластарынан басым түсіп I орынды иеленсе, А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің өнерпазы Нұрай Көдербекова бас жүлдені жеңіп алды. Жеңімпаздар арнайы грамоталармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Шығармашылық шеберліктерін сынаған дарынды жастардың өнерін елімізге белгілі мәдениет және өнер саласының мамандарынан құралған қазылар алқасы саралады. Вокал бағыты бойынша Айгүл Мақашева мен Ғани Мәтебаев қазылық етсе, хореография бағыты бойынша Қуат Тәукеев, Айжан Нұрманалиева және Айжан Қонарбаева студенттердің өнерін бағалады.

Өнер фестивалі жастардың шығармашылық әлеуетін ашуға, креативті индустрияны дамытуға және жоғары оқу орындары арасындағы мәдени байланысты жаңа деңгейге көтеруге үлкен серпін берді.