Жаңалықтар

УНИВЕРСИТЕТ ҒАЛЫМЫНЫҢ ЖАҢА ОҚУ ҚҰРАЛЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Ғылыми кеңесінде «Забивные свайные конструкции зданий и сооружений» тақырыбындағы оқу құралы қаралып, бекітілді. Аталған еңбек техника ғылымдарының докторы Исабай Исақұлы Бекбасаровтың авторлығымен Алматы қаласындағы KEMEL KITAP баспасынан жарық көрді.

Жалпы көлемі 409 беттен тұратын оқу құралында қағылмалы қадалардың түрлері, олардың параметрлері мен конструкциялық сипаттамалары, әзірлеу, қағу және қолдану ерекшеліктері жан-жақты қарастырылған. Сонымен қатар, ТМД елдерінің құрылыс алаңдарында кеңінен қолданылатын жалпақ бейінді қадалар, сілтілі-күл бетоннан жасалған қадалар, қуыс конустық, таврлық және қоставрлық көлденең қималы қадалардың конструктивтік және технологиялық ерекшеліктері, қолдану аясы мен есептеу әдістері толық баяндалған.

Басылымның басты ерекшелігі – оқу құралында алғаш рет Еурокод 7 «Геотехникалық жобалау» талаптарына сәйкес қадалар мен қадалы іргетастарды есептеудің негізгі қағидалары ұсынылып, геотехникалық есептеулердің нақты мысалдары келтірілген.

Аталған оқу құралы су шаруашылығы, гидротехникалық және құрылыс бағыттары бойынша бакалавриат, магистратура және докторантура білім беру бағдарламаларында «Негіздер мен іргетастар» пәнін оқитын білім алушыларға арналған.

Жас мамандардың кәсіби білімін арттыруға бағытталған бұл еңбегімен авторды шын жүректен құттықтай отырып, Исабай Исақұлы Бекбасаровқа зор денсаулық, шығармашылық табыс пен ғылыми жетістіктер тілейміз.