Жаңалықтар

УНИВЕРСИТЕТ ОҚЫТУШЫЛАРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫНА ҚАТЫСТЫ

Білім беру саласын интернационалдандыру және халықаралық академиялық байланыстарды нығайту мақсатында университет оқытушылары 2025 жылы сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламаларына белсенді қатысты.

Оқу жылы барысында университеттің 20-дан астам оқытушысы шетелдік серіктес жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтіп, дәрістер оқып, тәжірибелік сабақтар өткізді. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы филология, педагогика, экономика, қаржы, биология және журналистика сияқты түрлі білім беру бағыттарын қамтыды.

Бағдарлама аясында университет оқытушылары Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан және Болгария елдерінің жетекші университеттерінде тәжірибе алмасып, бірлескен сабақтар ұйымдастырды. Сонымен қатар, заманауи оқыту әдістемелерімен бөлісіп, ғылыми-білім беру саласындағы кәсіби пікірталастарға қатысты.

Дәрістер мен ғылыми талқылаулар тіл теориясы, неміс тілі, қаржылық есептілікті талдау, генетика, әлеуметтік психология, академиялық жазу, экономикалық теория, бизнес негіздері, бизнес-тәуекелдерді талдау және бағалау, мәдениетаралық коммуникация, тарих пен әдебиет пәндерін қамтыды.

Айта кету керек, мұндай бағдарламалар Дулати университетінің халықаралық білім беру кеңістігіне ықпалдасуына және жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға маңызды үлес қосады.