Университетіміздің Коммерцияландыру бөлімі ғалымдардың ғылыми әзірлемелерін нақты экономика секторына енгізу мақсатында өңірдегі бірқатар жеке кәсіпкерлердің өндірістік нысандарын аралап, жұмыс кездесулерін өткізді.
Кездесудің мақсаты – университетте жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалардың өндіріс қажеттіліктеріне сәйкестігін анықтау, кәсіпкерлер тарапынан сұранысқа ие технологиялар мен шешімдерді айқындау, ғылыми нәтижелерді бірлесіп коммерцияландыру тетіктерін талқылау.
Кездесу барысында тараптар әріптестік орнату, тәжірибелік сынақтар жүргізу, пилоттық енгізулер ұйымдастыру және болашақта келісімшарттар жасау мүмкіндіктерін қарастырды. Кәсіпкерлер өндірістік мәселелерін ортаға салып, ғалымдар оларды шешудің ғылыми негізделген жолдарын ұсынды.
Мұндай кездесулер университет ғылымын өндіріс пен бизнеске жақындатуға, инновациялық жобаларды нарыққа шығаруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді.
