Жаңалықтар

XVII РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПӘНДІК ОЛИМПИАДА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының студенттері арасында «Бастапқы әскери дайындықты оқыту әдістемесі» пәнінен XVII Республикалық пәндік олимпиада ұйымдастырылды. 

Аталған білім сайысы болашақ әскери дайындық мамандарының теориялық білімін, практикалық дағдыларын және кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталды. Олимпиадаға еліміздің түрлі өңірлерінен келген 13 команда қатысты.

Жарыс жоғары деңгейде өтіп, қатысушылар үш негізгі кезең бойынша өз білімдері мен шеберліктерін сынға салды. Бірінші кезең – «Әскери пәндер блогы бойынша» тест тапсыру барысында студенттер әскери білім негіздері бойынша терең дайындықтарын көрсетті. Екінші кезең – «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жалпы әскери жарғылары бойынша сұрақ-жауап» викторинасы, мұнда қатысушылар әскери жарғылар мен қызметтік тәртіпке қатысты сұрақтарға жылдам әрі нақты жауап беруге тырысты. Үшінші кезең – «Әскери-спорттық эстафета» барысында командалар физикалық дайындық, ұйымшылдық және жылдам шешім қабылдау қабілеттерін паш етті.

Олимпиада қорытындысы бойынша командалар командалық есеп нәтижесінде жүлделі орындарға ие болды. I орынды Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің командасы жеңіп алды. II орын екі командаға бұйырды: Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті және Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті. III орын иегерлері қатарында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің командалары бар.

Жеңімпаз және жүлдегер командалар арнайы дипломдармен және марапаттармен құрметтелді. Сонымен қатар, команда жетекшілеріне Алғыс хаттар табысталып, барлық қатысушы студенттерге олимпиадаға қатысқанын растайтын сертификаттар берілді.

Жеңімпаз командаларды шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, білім мен ғылым жолында толағай табыстарға жете берулеріне тілектеспіз!