Жаңалықтар

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ТАРИХИ МҰРАСЫ TEDх АЛАҢЫНДА ТАЛҚЫЛАНДЫ

Университет қабырғасында TEDx форматта «Ескерткіштер туралы не білеміз?» тақырыбында ғылыми-танымдық жиын ұйымдастырылды. Ұйымдастыру комитеті: «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығы және «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы.

Жиынның мақсаты – Жамбыл облысындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді насихаттау, ұлттық мұраға деген құрметті арттыру, жастардың тарихи санасын қалыптастыру және ғылыми ойды қоғаммен ұштастыру.

Басқосу «Көне Тараз» тақырыбындағы бейнероликпен ашылды. Одан кейін Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева сөз сөйлеп, қатысушыларға білім мен ғылымның байланысын, тарихи мұраны зерттеудің маңыздылығын түсіндірді. Ректор жастарға тарихи сананы қалыптастыру, мәдени мұраны сақтау және қоғамға ғылыми ойды жеткізу бағытындағы университеттің қолдауын ерекше атап өтті. Ал, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы директоры Нұржан Мергенбай қатысушыларға тарихи-мәдени мұраға құрметтің маңыздылығын жеткізді. Ол мұраны сақтау қажеттілігін атап өтіп, Тараз қаласындағы ескерткіштерді таныстыру мен жастардың тарихи санасын арттырудағы музей-қорықтың тәжірибесі мен жұмыстарын нақты әрі қызықты түрде баяндады.

Модератор әрі «Ғылыми қызмет және ескерткіштерді қорғау» бөлімінің басшысы Ұлжалғас Шаизхан сөз алып, тарихи мұраны зерттеудің заманауи әдістерін түсіндірді. Сонымен қатар, әр ескерткіштің қоғам мен мәдениет үшін маңыздылығын жеткізді. Ал, «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, PhD докторы Альбина Мақсұтова ұлттық мұраны зерттеу мен сақтаудағы ғылыми әдістердің маңыздылығын атап өтті. Ол жастарға тарихи сананы қалыптастыруға, мәдени мұраға құрмет көрсетуге және ғылыми ойды қоғамға жеткізуге шақырды.

Жиын барысында спикерлер тағылымды баяндамаларын ұсынып, Жамбыл облысының тарихи-мәдени мұрасын жан-жақты талқылады. Атап айтқанда, Сәмен Оразғалиұлы ескерткіштердің тек архитектуралық объект емес, халық аңызы мен мәдениетінің айнасы екенін атап өтті. Асқар Бегаділұлы орта ғасырлық сәулет өнерінің ерекшеліктері мен аймақтағы атақты кесенелердің тарихи маңызын баяндады. Ал, Жанна Сейтқұлова тарихи кезеңдерге сай ескерткіштердің құрылымдық ерекшеліктері мен олардың зерттеудегі маңызын көрсетті. Замира Сейдан тарихи ескерткіштердің қоғам мен мәдениетке әсерін, өткеннің болашаққа сабақ болатынын сөз етті. Ақсәуле Тортайқызы Тараз қаласының тарихи-мәдени мұрасын жан-жақты таныстырып, ескерткіштердің сақталу маңыздылығын атап өтті. Жамбыл Егізеков мүсіндік өнердің тарихи дамуы мен қазіргі замандағы рөлін мысалдар арқылы түсіндірді. Рахат Тобажанұлы географиялық атаулардың тарихи мәнін және олардың зерттелу жолдарын көрсетті. Гаухар Тешебайқызы ескерткіштердің мәдени және тарихи ақпаратты ұрпаққа жеткізудегі маңызды рөлін сөз етті. Сонымен қатар, қатысушылар Тараз қаласының тарихи-мәдени мұрасын зерттеп, ескерткіштердің өткен мен бүгінді байланыстыратын маңызды құндылық екенін атап өтті.

Жиын соңында қатысушылар өз ұсыныстарын білдіріп, TEDx форматына сай Pitch session өткізді. Үздік идеялар аталып, қатысушыларға сертификаттар табысталды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.