Жаңалықтар

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ НЕГІЗГІ БАСЫМДЫҚТАРЫ МЕН ҚОҒАМДЫҚ МАҢЫЗЫ

Университет қабырғасында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын білімгерлерге түсіндіруге арналған дөңгелек үстел форматында семинар ұйымдастырылды.

Басқосуға Әлеуметтік жұмыс басқармасының басшысы Арнат Ұлтанбаев, Жамбыл облысы «Sunqar» волонтерлік ұйымының төрағасы Еркін Әбдиев, «Жаратылыстану ғылымдары» факультетінің тәрбие ісі жөніндегі декан орынбасары Айнұр Толқынаева, жастар ұйымдарының өкілдері мен белсенді студенттер қатысты.

Семинар мақсаты — жаңа Конституцияның негізгі басымдықтарын түсіндіру, оның қоғамдық маңызын насихаттау арқылы жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру.

Әлеуметтік жұмыс басқармасының басшысы Арнат Ұлтанбаев сөз алып, Конституцияда айқындалған жаңа қағидаттардың, соның ішінде адами капиталдың басымдығы мен заң үстемдігінің қоғам дамуы үшін ерекше маңызға ие екенін жеткізді. Жастардың белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруы ел болашағы үшін маңызды екенін атап өтті. Ал, Жамбыл облысы «Sunqar» волонтерлік ұйымының төрағасы Еркін Әбдиев волонтерлік институттың құқықтық тұрғыда нығаюы қоғамдағы бірлік пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті. Еріктілердің қоғамдық пайдалы істерге белсенді қатысуы елдің дамуына оң әсер етіп, азаматтар арасындағы өзара сенімді күшейтетінін жеткізді.

Семинар барысында Конституцияда айқындалған негізгі жаңа қағидаттар кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, адами капиталдың басымдығы, заң мен тәртіп идеологиясы, білім, ғылым және инновация салаларының стратегиялық маңызына ерекше назар аударылды. Қатысушылар жастардың қоғамдағы рөлі мен белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру мәселелері бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар, волонтерлік қызметтің қоғамдағы орны да кеңінен сөз болды. Елімізде волонтерлік қозғалыстың қарқынды дамып келе жатқаны, оның әлеуметтік, экологиялық, мәдени және төтенше жағдайлар кезіндегі маңызы артып отырғаны айтылды.

Басқосуда соңында студенттер еркін форматта мамандармен пікір алмасып, көкейдегі сұрақтарын қойды. Қонақтар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.