Университет қабырғасында Тараз қаласы мен Жамбыл облысының мектеп және колледж оқушылары арасында «Қазіргі әлемдегі текстиль және дизайн» тақырыбында республикалық байқау өтті. Ұйымдастыру комитеті: Технологиялық факультетінің «Текстиль, материалтану және стандартизация» кафедрасы және «Текстиль» студенттік ғылыми үйірмесі.
Байқау мақсаты – жас таланттардың шығармашылық қабілеттерін дамыту арқылы кәсіби бағыт беру және текстиль саласына қызығушылықты арттыру.
Байқауды Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректор Рысгуль Кудретуллаева құттықтау сөзбен ашып, жас таланттарға жылы лебізін жеткізді. Қатысушыларға шығармашылық ізденістері мен кәсіби даму жолында табандылық пен жігер тілеп, өздерінің идеяларын жүзеге асыру кезінде әрдайым жаңалыққа ұмтылуға, заманауи технологияларды ұлттық дәстүрмен үйлестіре білуді насихаттады. Жас дарындардың текстиль және дизайн саласында өзіндік ерекшелігін көрсетуіне, өз қолымен жасаған бұйымдары арқылы қоғамға ой салуына ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Сонымен қатар, университеттің жас таланттарды қолдауға және олардың кәсіби өсуіне арналған барлық мүмкіндіктерді ұсынатынын жеткізді. Ал, Технологиялық факультетінің деканы Абильхан Садыбаев байқауға қатысушылардың шығармашылық қабілеттерін жоғары бағалап, олардың жаңа идеялар мен инновациялық шешімдерді тәжірибеге енгізу қабілетін ерекше атап өтті. Декан жас өнерпаздарға заманауи дизайн мен ұлттық қолөнерді үйлестіру жолында шабыт тілеп, өз жұмыстарында шынайы ерекшелік пен жоғары сапаны сақтауға шақырды.
Байқаудың әділ бағалануы үшін арнайы қазылар алқасы құрылды. Қазылар алқасына «Өшпес мұра» Жамбыл облысы қолөнершілер қауымдастығының басшысы Гульнара Абдуллаева және қауымдастық мүшелері – Гүлжазира Құдайбергенова, Бақытгүл Қонысбаева кірді. Қазылар алқасы қатысушылардың шығармашылық деңгейін, қолөнер бұйымдарын дайындау технологиясын, ұлттық стиль мен заманауи дизайнды үйлестіру қабілетін мұқият бағалады.
Байқауға өңірдің әртүрлі мектептері мен колледждерінен оқушылар қатысты. Қатысушылар өз қолөнер бұйымдарын таныстырып, оларды дайындау технологиясын қорғау арқылы жасаған жұмыстарын презентациялады. Барлығы 42 жұмыс ұсынылды, олардың ішінде ұлттық стильге негізделген заманауи дизайн үлгілері көп болды. Қатысушылардың шығармашылық жобалары бірнеше бағытта бағаланды. Бірінші кезекте, жобалардың тұжырымдық және дизайн шешімдерінің жаңашылдығы назарға алынды. Сонымен қатар, ұлттық қолөнер элементтері мен заманауи технологияларды үйлестіру қабілеті де бағаланды. Жобалардың техникасы мен сапасы, жас дарындардың өз жұмыстарын презентациялау және қорғау шеберлігі де маңызды критерий болды.
Байқауға қатысқан жас таланттар жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда:
1 орын:
•Сагитжанова Инжу («Мелодия степи», №41 Пушкин атындағы көпсалалы гимназия, 9 сынып)
•Алтынбек Айару («Тылсым табиғат әлемі», Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі)
•Бигазиева Адель Ганиевна («Көкнәр-мак»)
2 орын:
•Дөненбай Айсезім («Менің жерім», №4 Балалар өнер мектебі, Жуалы ауданы)
•Қуанышбай Інжү («Тоқыма жұмыстары», Түймекент орта мектебі, Байзақ ауданы, 7 сынып)
•Өскен Айзере («Ілмекпен тоқылған қуыршақтар», Сарыкемер ауылы көркем сурет балалар мектебі, 7 сынып)
•Шәріп Әсел («Ұлттық дизайн», №26 орта мектеп, 9 сынып)
3 орын:
•Берік Еңлік («Тоқыма гүлдер», Мұхтар Әуезов мектеп-гимназиясы, Сарысу ауданы, 7 сынып)
•Булекова Жансая («Домбыра – дала үні», Әлихан Бөкейханов 15 мектеп трек лицей, Жуалы ауданы, 9 сынып)
•Сайлаубек Саида Ерғалиқызы (Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназия, 8 сынып)
Байқау барысында университет пен «Өшпес мұра» қауымдастығы, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына қарасты мектептер арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған ынтымақтастық аясында жас дарындарды қолдау, шығармашылық жобаларды жүзеге асыру және кәсіби өсу үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды.
Жеңімпаздарды құттықтаймыз! Жас дизайнерлер мен өнертапқыштарға шығармашылық табыс және кәсіби өсу
тілейміз!







