Жаңалықтар

ЖАСТАР АРАСЫНДА ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ КОНСТИТУЦИЯНЫҢ МАҢЫЗЫ

Әлеуметтік жұмыс басқармасының ұйымдастыруымен «Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы Конституцияның маңызы» тақырыбында жиын өтті.

Жиынның мақсаты жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген негізгі қағидаттар мен құқықтық нормаларды түсіндіру арқылы олардың құқықтық сауаттылығын арттыру.

Модератор әрі Әлеуметтік жұмыс басқармасының басшысы Арнат Ұлтанбаев Конституция нормаларын жастарға жүйелі әрі түсінікті жеткізудің маңызын атап өтіп, кураторлардың бұл бағыттағы рөліне ерекше тоқталды. Ол студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтық жауапкершілігін күшейту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін жеткізді.

Аппарат басшысы Мирас Тұрғынбаев тәрбие жұмысының сапасын арттыру және оны тиімді ұйымдастыру мәселелеріне тоқталды. Ол факультеттер арасындағы іс-шаралардың мазмұндық деңгейін күшейту, жоспарлау үдерісін нақтылау және студенттермен жүргізілетін жұмыстың нәтижелілігін арттыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, жоспарлау барысында ұсыныстарды ескерудің маңызын айтты.

Басқарма мүшесі – Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Ғазиз Досмахамбетұлы Конституция қағидаттарын түсіндіру жұмыстарының оқу-тәрбие үдерісімен тығыз байланыста жүргізілуі керектігін атап өтті. Оның айтуынша, құқықтық мәдениетті қалыптастыру жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыратын негізгі факторлардың бірі.

Персоналды басқару қызметінің басшысы Данияр Тебаев тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы жүйелілік пен жауапкершілік мәселелеріне назар аударды. Ол кураторлар мен жауапты мамандардың студенттермен жұмысты үйлесімді жүргізуі маңызды екенін айтып, ішкі тәртіп пен бірлескен жұмысты күшейту қажеттігін жеткізді.

Жиын барысында факультеттердің тәрбие жұмыстары бойынша есептері тыңдалып, атқарылған жұмыстардың нәтижелері талқыланды. Сонымен қатар, алдағы кезеңдегі жұмыстардың тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар қаралды.

Жиын соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, бірқатар ұсыныстар ортаға салынды.