Жаңалықтар

ЖАСТАР ТӘРБИЕСІ – БАСТЫ НАЗАРДА!

Университет қабырғасында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Жастар тәрбиесі және синтетикалық есірткінің зияны» тақырыбында ақпараттық-танымдық дөңгелек үстел өтті. Ұйымдастыру комитеті: Әлеуметтік жұмыс басқармасы және Қаратау тау-кен технологиялық колледжі.

Жиынға Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Айгерім Каукешова, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Әлімбай Найзабаев, Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ Жастар ісі жөніндегі  маманы Еркебұлан Спабек, Әлеуметтік жұмыс басқармасының Дінтану бойынша бас маманы Бахтияр Алпысбаев және Қаратау тау-кен технологиялық колледжінің студенттері қатысты.

Жиынның мақсаты — жастар арасында заңға құрмет пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру арқылы синтетикалық есірткінің зияны туралы түсінікті кеңейту, қауіпсіз әрі салауатты қоғам құруға ықпал ету.

Жиынды модератор, Әлеуметтік жұмыс басқармасының маманы Ербол Мамедалиев жүргізіп, студенттерді қоғамдағы келеңсіз құбылыстарға бейжай қарамай, заңсыздықтармен бірлесіп күресуге шақырды. 

Кездесу барысында мамандар бірнеше маңызды мәселелерге тоқталды. Мәселен, Айгерім Каукешова қазіргі таңда синтетикалық есірткілердің жастар арасында таралу жолдары мен құқық қорғау органдарының қатаң бақылау шараларын атап өтті. Ол есірткі қылмысына қатысты жауапкершіліктің күшейтілгенін атап өтіп, құқық бұзушылардың заң алдындағы міндеттері мен жазалар туралы нақты мәлімет берді. Ал, Әлімбай Найзабаев рухани тазалық пен елдік сананың биік болуын, бос уақытты тиімді және танымдық бағытта өткізу жастарды жат әдеттерден сақтайтынын атап өтті. Сонымен қатар, Еркебұлан Спабек жастардың қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуы мен салауатты өмір салтын ұстануы нашақорлықтың алдын алудың тиімді жолы екенін айтса, Бахтияр Алпысбаев діни сауаттылық пен рухани тәрбиенің маңыздылығына тоқталды. Ол жастардың дұрыс діни бағытты ұстануы, ақ-қараны ажырата білуі, зиянды заттардан аулақ болу әр адамның азаматтық парызы екенін жеткізді.

Кездесу соңында студенттер мамандарға көкейкесті сұрақтарын қойып, еркін форматта пікір алмасты. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.