Жаңалықтар

ЖАСТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН КЕЗДЕСУ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті колледжінде «Заң және Тәртіп» қағидаты аясында студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Заң және әділеттілік – теңдік пен тәртіп кепілі» тақырыбында құқықтық танымдық кездесу ұйымдастырылды. 

Кездесуге колледж студенттері, ата-аналар, оқытушылар мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Кездесу  мақсаты – жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын түсіндіру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қоғам алдындағы жауапкершілікті арттыру. Сонымен қатар, ата-ана, студент және колледж арасындағы байланысты нығайту арқылы жас буынның санасына заңға құрмет пен тәртіп қағидаларын сіңіру.

Тараз қалалық полиция басқармасы Әулие-Ата аудандық полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімі басшысының орынбасары, полиция майоры Баян Зәбір сөз алып, қазіргі таңда жастар арасында кездесетін құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесіне тоқталды. Ол өз сөзінде заң талаптарын сақтау – әр азаматтың басты міндеті екенін атап өтіп, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жастардың жауапкершілігі маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Сонымен қатар, студенттерге құқықтық сауаттылықты арттыру, заңға құрметпен қарау және түрлі құқық бұзушылықтардан аулақ болу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал, кезекші бөлімінің басшысы Азамат Смағұл жастар арасындағы интернет қауіпсіздігі мен әлеуметтік желідегі мәдениетті сақтау мәселелеріне ерекше тоқталды. Ол қазіргі қоғамда кибербуллинг, интернет алаяқтық және жалған ақпараттың кең таралуы өзекті мәселеге айналып отырғанын айтып, студенттерге әлеуметтік желіні сауатты әрі қауіпсіз пайдалану жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ, күнделікті өмірде кездесетін құқықтық жағдайлар бойынша нақты мысалдар келтіріп, заң алдындағы жауапкершілік жөнінде маңызды мәліметтер жеткізді.

Колледж психологы Айнұр Берденова «Ата-ана, бала және қоғамдағы жауапкершілік тақырыбында тренинг өткізіп, студенттермен және ата-аналармен еркін форматта пікір алмасу ұйымдастырды. Тренинг барысында отбасындағы тәрбие, бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас, қоғамдағы жауапкершілік және психологиялық қолдаудың маңыздылығы сөз болды.

Кездесу соңында студенттер құқық қорғау органдары өкілдеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жауаптар алды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.