Бүгінде елімізде жастарға сапалы білім беру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Дулати университеті де студенттерге білім мен саналы тәрбие беріп, бәсекеге қабілетті маман дайындауда барлық мүмкіндіктерді ұсынып келеді. Осыған орай, университет қабырғасында Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева студенттермен еркін форматта кездесу өткізді.
Кездесу барысында ректор жастарға білім алу, тәрбиеге көңіл бөлу және еліміздің дамуына жауапкершілікпен қарау қажеттігін жеткізді. Алдағы республикалық референдумның мемлекет дамуы үшін маңызы зор екенін атап өтіп, бұл саяси науқан әрбір тұлғаның азаматтық ұстанымы мен жауапкершілігін айқындайтын маңызды кезең екенін жеткізді. Осы ретте жастарға белсенділік танытуға, өз көзқарасын еркін білдіруге және мемлекет дамуындағы өз орнын терең сезінуге шақырды.
Сонымен қатар, университет тарапынан жасалып жатқан барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану әрбір студенттің өз ұмтылысына байланысты екенін атап өтті. Ләззат Қалымбекқызы өмірдің ағыны тоқтамайтынын, жастық шақтың өте жылдам өтіп кететінін ескертті. Ол еліміздің ертеңі білімді, саналы жастардың қолында екенін, жастардың алдыңғы буынның жолын лайықты жалғастырып, өздерінің сенімді ізбасар екенін дәлелдей алатынын айтты.
Студенттердің білім, спорт және өнер саласында алдыңғы қатарда болу арқылы университет беделін арттырудағы жетістіктеріне де тоқталды. Ләззат Қалымбекқызы студенттердің белсенділігі, озық идеялары мен бастамалары университеттің дамуына айтарлықтай үлес қосатынын жеткізді.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, студенттер өз ойлары мен ұсыныстарын белсенді түрде ортаға салды. Студенттердің сұрақтары жан-жақты тыңдалып, оларға толық жауаптар берілді. Ректор жастардың белсенділігін, шығармашылық бастамаларын және білімге деген ұмтылысын ерекше ықыласпен атап өтті. Ректор қазіргі жастардың санасы сергек, заманауи технологияларды меңгерген және қоғамға патриоттық көзқараспен қарайтын қабілетті мамандар екенін жеткізді. Ол жастардың осындай қасиеттері еліміздің тұрақты дамуына және жоғары нәтижелерге жетуіне негіз болатынын айтты. Ректор жастарға өз идеяларын іске асыруда белсенді болуға, университеттің барлық мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға және қоғамға үлес қосуға шақырды.
Кездесу соңында жастардың ұсыныстары мен пікірлері университет дамуына маңызды бағыттарды айқындайтыны атап өтілді. Ректор жастардың шығармашылығы мен бастамалары арқылы университеттің беделі мен әлеуметтік рөлінің артып, еліміздің дамуына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.








