Құрметті әріптестер!
2026 жылғы ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендияларды алуға арналған жыл сайынғы конкурсқа өтінімдер қабылдаудың басталғаны туралы хабарлауға қуаныштымыз.
Конкурс туралы ережемен, іріктеу критерийлерімен және толық ақпаратпен келесі сілтеме бойынша таныса аласыздар:
[ https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/documents/details/1069913?lang=ru ]
Өтінім беру:
сыйлықтар: https://astanahub.com/ru/l/awards
стипендиялар: https://astanahub.com/ru/l/scholarships
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес ғылым саласындағы сыйлықтарды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды алуға жұмыстарды қабылдауды осы хабарландыру жарияланған күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» АҚЖ жүзеге асырады.
Жарияланған күні: 2026 жылғы 21 қыркүйек.
Ғылым саласындағы сыйлықтарды алуға арналған конкурсқа келесі құжаттар ұсынылады:
- монографиялар, монографиялардағы тараулар, мақалалар, шолулар, патенттер, авторлық куәліктер (бестен аспайтын) түріндегі ғылыми жұмыс;
- жұмыстың мазмұны, зерттеулердің өзектілігі мен жаңалығы, негізгі ғылыми нәтижелері, олардың маңыздылығы және одан әрі пайдалану мүмкіндігі баяндалған жұмыстың сипаттамасы (баспа парағының жартысынан аспайтын);
- жұмысты ұсынған ұйымның консультативтік-кеңесші органы отырысының хаттамасынан үзінді;
- сыйлықты алуға үміткердің негізгі жұмыс орнынан анықтама;
- сыйлықты алуға үміткердің шығармашылық үлесі көрсетілген ғылыми қызметінің қысқаша сипаттамасы (ұжымдық жұмыстар үшін);
- конкурсқа ұсынылған жұмыстың бұған дейін республикалық бюджет қаражатынан төленетін сыйлықтарға ие болмағанын куәландыратын, жұмысты ұсынған ұйымнан анықтама;
- ендіру актісінің көшірмесі (болған жағдайда);
- қолданыстағы жиырма таңбалы карточкалық шот туралы хабарлама.
Осы тармақтың 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген құжаттар сыйлықты алуға үміткер жұмыстан шыққан жағдайда оның соңғы жұмыс орнынан ұсынылады.
Мемлекеттік ғылыми стипендияларды алуға арналған конкурсқа келесі құжаттар ұсынылады:
- ұйымның консультативтік-кеңесші органының уәжді өтінішхаты (ұсынысы);
- мемлекеттік ғылыми стипендияны алуға үміткердің негізгі жұмыс орнынан анықтама;
- мемлекеттік ғылыми стипендияны алуға үміткердің соңғы бес жылдағы (конкурс жарияланған жылды қоспағанда) ғылыми жарияланымдарының тізімі, сондай-ақ олардың ішіндегі ең маңыздыларының бедерлемелері (бестен аспайтын);
- ендіру актісінің көшірмесі (болған жағдайда);
- ғылыми жобалар мен бағдарламаларға жетекшілікті растайтын құжаттар (болған жағдайда, дарынды жас ғалымдарға арналған мемлекеттік стипендияға үміткерлер үшін талап етілмейді);
- Қазақстан Республикасында философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесі берілген кадрларды даярлауды растайтын құжаттар (болған жағдайда, дарынды жас ғалымдарға арналған мемлекеттік стипендияға үміткерлер үшін талап етілмейді);
- халықаралық коллаборацияны растайтын құжаттар (болған жағдайда, тек дарынды жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияға үміткерлер үшін);
- қолданыстағы жиырма таңбалы карточкалық шот туралы хабарлама.
Жаңа ғылыми жетістіктер тілейміз!
Дулати университетінің Ғылым департаменті