Жаңалықтар (Коммерцияландыру бөлімі)

Дулати университетінің Ғылым және коммерцияландыру департаменті  Коммерцияландыру бөлімінің сүйемелдеуімен «Жаратылыстану ғылымдары» факультеті «Биология» кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гүлнәр Зияева ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2025–2027 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру байқауында 350 миллион теңгелік грантқа ие болды!

Университет қабырғасында Ғылым және коммерцияландыру департаменті Коммерцияландыру бөлімінің ұйымдастыруымен бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру (ПЦФ) аясында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жоба жетекшілері мен жауапты орындаушылардың қатысуымен ақпараттық-әдістемелік кездесу өтті.

Кездесудің мақсаты – жалпы қаржыландыру көлемі 350 млн теңгені құрайтын коммерцияландыру жобалары байқауына қатысу үшін сапалы өтінім дайындауға бағыт-бағдар беру және түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Университет қабырғасында «Биология» кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гүлнар Зияева университеттің ғылыми қызметін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Алғыс хатпен марапатталды.

Басқарма Мүшесі – ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейтжан Орынбаев құттықтау сөз алып, профессордың ғылыми саладағы еңбегін жоғары бағалады. Гүлнар Керімбекқызының табандылығы мен жаңашылдығы, ғылыми зерттеулердегі табысты қызметі мен белсенділігі – университетіміздің ғылыми әлеуетін арттыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі екенін жеткізді.

Дулати университеті мен Жамбыл облысының «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы әлеуметтік кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған бірлескен жобаны іске қосты. Бұл бастама екі жақ арасында 2024 жылы жасалған ынтымақтастық меморандумы аясында жүзеге асуда.

Жоба аясында «Бір ауыл – бір өнім» атты оқыту және жобалық сүйемелдеу бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама ауыл кәсіпкерлеріне, әсіресе әйелдер мен жастарға арналған. Олар бизнес-жоспар құру, қаржылық сауаттылық, өнімді брендтеу мен нарыққа шығару бойынша білім алады.

Ғылым және коммерцияландыру департаменті Коммерцияландыру бөлімінің ұйымдастыруымен Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру (ПЦФ) аясында жүзеге асып жатқан «Жеңіл өнеркәсіп материалдары мен бұйымдарының сапа зертханасы» жобасы бойынша мамандармен кездесу өтті.

Жоба жетекшісі Бекжан Абзалбекұлы 350 миллион теңге көлеміндегі гранттық қаржыландыруға өтінім беру аясында «3ARU» ЖШС директоры Тоқтасын Бақытжанқызымен кездесті. Кездесу барысында жобаны жүзеге асырудың №3 механизмі шеңберінде қоса қаржыландыру шарттары талқыланып, алдағы серіктестіктің негізгі бағыттары нақты анықталды.

Университет қабырғасында Ғылым және коммерцияландыру департаментінің 2025 жылға арналған жұмыс жоспары аясында Коммерцияландыру бөлімі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) арналған семинар ұйымдастырды.

Семинар мақсаты — университеттің ғылыми-зерттеу әлеуетін арттырып, жас ғалымдар мен зерттеушілерге ғылыми жобаларды әзірлеу арқылы жүзеге асыру және олардың нәтижелерін коммерцияландыру процесі бойынша теориялық және тәжірибелік білім беру.

Ғылым және коммерцияландыру департаменті Коммерцияландыру бөлімінің ұйымдастыруымен «Қазақстанның су шаруашылығы мен қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту және басқару үшін ресурс үнемдейтін технологияларды әзірлеу, инновациялық инжинирингтік орталық құру» тақырыбында оқыту курсы аяқталды.

Курстың мақсаты – химиялық визуализация әдістерін тереңірек меңгеру және зертханалық тәжірибелерде қолданылатын сұйық үлгілердің құрамын тиімді талдау арқылы ғылыми-зерттеу сапасын арттыру.

Курс Ә.С.Ахметов атындағы наноинженерлік зерттеу әдістері ғылыми-зерттеу зертханасында өтті. Оқу бағдарламасы осы саладағы тәжірибелі ғалымдар мен мамандардың жетекшілігімен іске асырылып, теория мен практика арасындағы байланысты нығайтуға бағытталды. Мамандар құрамы Басқарма мүшесі – ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейтжан Орынбаевтың бекітуімен арнайы іріктелді.

Курс барысында қатысушыларға «Agilent 8700 Laser Direct Infrared (LDIR)» химиялық визуализация жүйесінің теориялық негіздері мен практикалық қолдану әдістері таныстырылды. Бұл құрылғы сұйық үлгілер құрамындағы химиялық элементтерді нақты және жоғары дәлдікпен ажыратып, визуализация жасауға мүмкіндік береді. Қатысушылар құрылғының қыр-сырын меңгеріп, зертханалық тәжірибелерде қолдану әдістерін іс жүзінде көрсете білді. Сонымен қатар, алған білімдерін нақты зерттеу жұмыстарына енгізу арқылы ғылыми жобалар мен өндірістік процестерді тиімді басқару мүмкіндігіне ие болды.

Курс соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталып, алған білімдері мен дағдылары ресми түрде бағаланды. Сертификат иелері ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.

 

Университетімізде кәсіпкерлік саласын қолдау мен дамытуға бағытталған дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Жиынның мақсаты — кәсіпкерлерді ғылым мен біліммен ұштастыру, университеттің зертханалық мүмкіндіктерін қолдану арқылы оларды заманауи біліммен қамтамасыз ету және қысқа мерзімді оқу курстары аясында кәсіптік құзыреттілікті арттыру.