Жаңалықтар

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІ, ISSAI ЖӘНЕ ALEM.AI FOUNDATION ӨЗАРА СЕРІКТЕСТІК ОРНАТТЫ

Taraz Creative Industries 2026 Креативті Индустриялар форумының екінші күні «Идеядан өнімге дейін: креативті индустриялар цифрлық экономика мен smart city дамуының драйвері ретінде» пленарлық отырысымен жалғасын тапты.

Форум аясында екі бірдей Меморандумға қол қойылды. Жасанды интеллект зертханасын құру және дамыту мақсатында М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті Назарбаев Университеті жанындағы ISSAI Ақылды жүйелер, жасанды интеллект институтымен  және «Alem.ai Foundation» корпоративтік қорымен  өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумның негізгі мақсаты: Жасанды интеллект (ЖИ) және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) саласында жоғары білікті кадрларды даярлау.  Студенттердің цифрлық құзыреттіліктерін дамыту және өзара тиімді байланысты кеңейту.  Қазақстан Республикасының цифрлық экономикасы үшін бәсекеге қабілетті мамандарды қалыптастыру.

Пленарлық отырыста Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова жасанды интеллект пен цифрлық технология жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны туралы ой қозғады. Бұл салада кадр даярлау, білім беру бағдарламаларын жетілдірудің маңыздылығына тоқталды.

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева цифрлық технология бойынша университеттегі бағдарламалар мен жобалар туралы ақпарат айтып, ЖИ бойынша қолға алынған жобалардың жемісті болуын тіледі.  

Жамбыл облысы әкімдігінің цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Шалхар Амантуров  өңірді цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы ақпаратпен бөлісті. Облыс халқын интернетпен қамтамасыз ету бойынша нәтижелерді айтып, «Ақылды өңір» көрсеткіші бойынша Жамбыл облысы 17 орыннан 11 орынға көтерілді деп мәлімдеді.

Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) атқарушы директоры Ербол Абсалямов  жасанды интеллект (ЖИ) пен цифрлық технологиялар бойынша мамандар даярлау және заманауи білім беру ортасын құру - мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екеніне кеңінен тоқталды. Жасанды интеллект модельдерін қазақ тілінде сөйлету, тілдің ерекшеліктерін түсіндіру және аударту бойынша қолға алынған жобалар туралы мәлімет берді. Институт тек Назарбаев университетімен шектелмей, өзге аймақтардағы жоғары оқу орындарымен, соның ішінде М.Х. Дулати атындағы Тараз университетімен бірлескен жобалар жасауды көздейтінін жеткізді.

«Qazinnovations» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Абилов ғалымдар мен студенттердің жсанды интеллект саласындағы ғылыми жобаларын нарыққа сай бизнес өнімге айналдырудың маңыздылығын айтып, мемлекеттік гранттар мен қолдаулар туралы ақпарат берді. Отандық IT-стартаптар мен инновациялық жобаларды жетілдіру және өндіріске енгізу үшін «Qazinnovations» тарапынан берілетін мемлекеттік инновациялық гранттар мен қаржылай қолдау тетіктеріне тоқталды.

Astana Hub өңірлік даму офисінің директоры Нұржан Сағындық «Astana Hub» халықаралық технопаркінің мүмкіндіктерін өңірлерге жеткізу, соның ішінде Жамбыл облысында жергілікті IT қоғамдастықты қолдау және дарынды жастарға жағдай жасау мәселесін айтты. Студенттер мен бағдарламашылардың жасанды интеллект және Smart City бағытындағы жобаларын дамыту үшін арнайы оқыту бағдарламалары, инкубациялық кезеңдер мен инвесторлар тарту мүмкіндіктерін түсіндірді.

Пленарлық отырыс «Ақылды өңір: пилоттық жобалардан ауқымды өндіріске дейін» тақырыбында панельдік пікірталаспен жалғасты.

ҮЗДІК СТАРТАПТАР МЕН ЖОБАЛАР АНЫҚТАЛДЫ

Дөңгелек үстел форматында өткен  «Ақылды өңір: пилоттық жобадан ауқымды өндіріске дейін»  панельдік дискуссияда университет ғалымдары, IT-мамандар, сондай-ақ EPAM systems, Aviata.kz, «Банк ЦентрКредит» АҚ, Tomorrow school және өңірлік IT-хаб сарапшылары пилоттық IT-шешімдерді ірі өндірістік секторға енгізу механизмдерін талқылады.

Дискуссиядан кейін форумның  тартысты динамикалық кезеңі –  жас стартапшылар мен инноваторлардың Питч-баттл (Pitch Battle) финалы өтті. Аталған байқауға EdTech, MediaTech, FinTech, GovTech, GameDev, сондай-ақ жасанды интеллект (AI) негізіндегі өнімдерді ұсынған дарынды жастар мен стартап-командалар қатысты. Қатысушылар өз жобаларының бизнес-моделін, коммерциялық әлеуетін, технологиялық жаңалығын және өңірлік экономикаға берер тиімділігін шектеулі уақыт ішінде қорғап шықты. Қазылар алқасының құрамына венчурлық инвесторлар, Astana Hub пен өңірлік IT-хаб өкілдері, облыс әкімдігінің сарапшылары және креативті индустрия көшбасшылары енді. Әділқазылар тарапынан жобалардың бәсекеге қабілеттілігіне, масштабтау мүмкіндігіне және коммерцияландыру деңгейіне жоғары талаптар қойылып, үздік стартаптар анықталды.

Форум аясында өткен байқаулар мен питч-баттл қорытындысы бойынша жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі   23 қазан күні «Баласағұн» орталық концерт залында өтеді.