Жаңалықтар

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІ QS РЕЙТИНГТІК АГЕНТТІГІНІҢ ӨКІЛІМЕН ОНЛАЙН-КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің басшылығы мен ұжымы Орталық Азия және Шығыс Еуропа елдері бойынша QS (Quacquarelli Symonds) халықаралық рейтингтік агенттігінің өңірлік директоры Сергей Христолюбовпен онлайн форматта кеңейтілген кездесу өткізді.

Кездесу барысында QS агенттігінің өкілі халықаралық рейтингтердегі нәтижелерді жақсартудың өзекті тетіктерімен бөлісіп, университеттің халықаралық беделін арттыруға ықпал ететін негізгі бағыттарды атап өтті. Атап айтқанда, шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты кеңейту, халықаралық жобаларды дамыту, студенттер, түлектер мен оқытушылардың жетістіктерін жаһандық деңгейде насихаттау мәселелері сөз болды. Ал, Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева университеттің даму перспективасы мен білім беру, ғылым және халықаралық ынтымақтастық бағыттарындағы жаңа бастамаларын таныстырды. Ректор оқу орнының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және әлемдік білім кеңістігіндегі орнын нығайтуға бағытталған стратегиялық жоспарларға тоқталды.

Кездесуде ғылыми-зерттеу қызметінің сапасын арттыру, ғылыми жарияланымдар мен дәйексөз көрсеткіштерін күшейту, академиялық қауымдастық және халықаралық сарапшылармен тиімді байланыс орнату бағыттарына ерекше назар аударылды.

Кездесу соңында айтылған ұсыныстар мен сараптамалық пікірлер Дулати университетінің халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерін жақсартуға және оқу орнының стратегиялық дамуын жаңа деңгейге көтеруге негіз болмақ.