Жаңалықтар

ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ БАҒЫТЫ БОЙЫНША БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ КУРСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігімен жүзеге асырылған Дүниежүзілік банктің «Орта білім беруді жаңғырту» жобасы нәтижелерінің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде 12 мамыр мен 5 маусым аралығында «Инклюзивті білім беру моделін оқыту» тақырыбында 80 сағаттық біліктілікті арттыру курсы басталды. Оқу үдерісі онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылуда.

Курстың мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар білімгерлерді психологиялық қолдау және оларға консультативтік көмек көрсету. Сонымен қатар, қиын педагогикалық жағдайларда тиімді ынтымақтастық орнату дағдыларын қалыптастыру.

Курс бағдарламасы білім беру ұйымдарында инклюзивті білім беру моделін тиімді енгізуге, әр білім алушының жеке білім беру траекториясын әзірлеу мен жүзеге асыруға бағытталған. Соның ішінде жеке инклюзия жоспарларын құрастыру бойынша тыңдаушылардың практикалық дағдыларын дамытуға ерекше назар аударылады.

Бағдарлама төрт негізгі модульден тұрады. Әр модуль лекциялар, презентациялар, практикалық сабақтар, өз бетінше орындалатын тапсырмалар (ТӨЖ), әдебиеттермен жұмыс және тест тапсырмаларын қамтиды. Оқыту үдерісі негізінен «MOOK-Dulaty» платформасы арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, офлайн-зертханалық сабақтар, көшпелі-тәжірибелік сабақтар (КТС), жеке консультациялар және шағын топтық жобаларды қорғау сынды оқу форматтары қарастырылған. Курс мектепке дейінгі білім беруден бастап жоғары білім беру деңгейіне дейін инклюзивті оқытудың негізгі қағидаларын түсінуге және қолдануға мүмкіндік береді.

Бүгінде курсқа университеттің профессор-оқытушылар құрамы, факультет басшылары және кафедра меңгерушілері қатарынан 177 тыңдаушы тіркелген.

Оқыту барысында қатысушылар:

* халықаралық инклюзивті білім беру тәжірибелерімен танысады;
* білім алушылардың әртүрлі қажеттіліктерін ескере отырып оқытудың әртараптандырылған әдістерін меңгереді;
* инклюзивті ортада жұмыс істеуге болашақ мамандарды даярлау дағдыларын жетілдіреді.

Курсты «Педагогикалық психология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, пс.ғ.к., ҚР ЖОО-ның үздік оқытушысы Махаббат Оспанбаева және «Арнайы және әлеуметтік педагогика» кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к. ГауҺар Санай жүргізеді.

Бағдарлама нәтижесінде қатысушылар инклюзивті білім берудің инновациялық тәсілдерін меңгеріп, оқу үдерісінде сараланған, көпдеңгейлі және құрылымдалған оқыту әдістерін тиімді қолдану дағдыларын дамытады.