Университет қабырғасында «Жасанды интеллект және цифрлық технологиялар: студенттік көзқарас» тақырыбында XXVIII студенттік ғылыми-практикалық конференциясының ашылу салтанаты өтті.
Конференция мақсаты – студенттердің жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы идеялары мен жобаларын таныстыруға, өз инновациялық шешімдерін ортаға салуға және еліміздің цифрлық дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік беру.
Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева құттықтау сөз алып, конференцияның өзектілігін атап өтті. Ректор 2026 жылдың «Жасанды интеллект және цифрлық технологиялар» жылы деп жарияланғанын еске салып, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың еліміздің дамуы мен жастардың болашағына тікелей әсер ететінін нақты мысалдармен түсіндірді. Ләззат Еркінбаева жас ұрпақты цифрлық қоғамда өз орнын табуға, білім мен технологияны тиімді пайдалануға шақырып, конференцияның жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, жаңа идеяларды жүзеге асыруға және елдің цифрлық дамуына өз үлесін қосуға бағытталғанын ерекше ықыласпен жеткізді. Ал, Басқарма Мүшесі – ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейтжан Орынбаев студенттерге ғылым саласындағы мүмкіндіктер мен артықшылықтарды түсіндіріп, 2025 жылғы студенттердің жеткен жетістіктерін атап өтті. 2025 жылы халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық және университетішілік байқауларға 201 студент қатысып, олардың 32-і халықаралық, 37-сі республикалық, 16-сы облыстық, қалалық және университетішілік байқаулардың жеңімпазы атанғанын сөз етті. Студенттер мен оқытушылардың бірлескен жарияланымдарының жалпы саны 444 құрайтынын, ал оның ішінде университет жинақтарында 322 ғылыми мақала, басқа басылымдарда 122 мақала жарияланғанын мақтанышпен жеткізді.
Ашылу рәсімінде ректор 2025 жылғы Республикалық ғылыми-зерттеу жұмыстары конкурсының жеңімпаз студенттеріне ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің дипломдарын табыстап, марапат иелеріне алғысын білдірді.
Конференцияның пленарлық мәжілісінде 8 студент өзекті тақырыптар бойынша баяндама жасады. Олар жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды білім беру, туризм, сән индустриясы саласында тиімді қолдану, AI көмегімен дұрыс жұмыс таңдау жолдары, цифрлық медиада жаңа сөздерді жасау және коммуникациялық қызмет, Дина Рубина прозасының экспрессивті синтаксисі контекстінде цифрлық лингвистика және жасанды интеллект, актерлік шеберлік пәнін оқытуда сахналық тілдің мәні сияқты тақырыптарды қозғады.
Айта кетейік, XXVIII студенттік ғылыми-практикалық конференциясы аясында 19 секцияда 462 баяндама ұсынылады. Атап айтқанда, табиғи, техникалық, әлеуметтік-гуманитарлық, педагогикалық және экономикалық ғылымдар саласын қамтиды. Ал, конференция 15 сәуірге дейін жалғасады. Барша қатысушыларға сәттілік тілейміз!






