Жаңалықтар

УНИВЕРСИТЕТТЕ АКАДЕМИЯЛЫҚ ПРОЦЕСТЕРДІ ТРАНСФОРМАЦИЯЛАУҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТУДЕ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «ЖОО-ның академиялық процестерін жаңартудың заманауи тәсілдері мен құралдары» тақырыбында ауқымды оқыту семинары өз жұмысын бастады.

Семинарға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, академиялық құрылым қызметкерлері мен білім беру бағдарламаларын әзірлеуші мамандар қатысуда.

Семинар мақсаты – жоғары оқу орындарындағы академиялық процестерді жетілдіру, білім беру бағдарламаларын халықаралық талаптарға сәйкестендіру және заманауи оқыту мен бағалау әдістерін тәжірибеге енгізу.

Семинар барысында жоғары білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер жан-жақты талқыланады. Атап айтқанда, академиялық және басқарушылық дербестік жағдайындағы академиялық саясат, Болон процесінің негізгі құжаттары, білім беру бағдарламаларын әзірлеудің кезеңдері мен құрылымы, оқыту нәтижелерін сипаттау, дескрипторларды практикалық қолдану және білім беру бағдарламаларын жобалау мәселелері қарастырылады. Сонымен қатар, инновациялық оқыту стратегиялары, конструктивизмге негізделген академиялық орта қалыптастыру, студентке бағдарланған оқыту, критериалды бағалау жүйесі және оқу нәтижелерін бағалаудың заманауи тәсілдері кеңінен қамтылуда.

Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректор Рысгүл Құдретуллаева сөз алып, жоғары оқу орнындағы академиялық процестерді жаңартудың стратегиялық маңызына ерекше назар аударды. Білім беру сапасын арттыруда заманауи тәсілдер мен құралдарды тиімді қолдану қажеттігін атап өтіп, бұл бағыттағы өзгерістер университеттің даму траекториясына тікелей әсер ететінін жеткізді. Сонымен қатар, қатысушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған мұндай семинарлардың тәжірибе алмасу алаңы ретінде маңызды рөл атқаратынын тілге тиек етіп, барша қатысушыларға нәтижелі жұмыс тіледі. Ал, «Жасанды интеллект ұлттық зерттеу университеті» профессоры Серік Өмірбаев білім беру бағдарламаларын жобалау мен жетілдіруде нәтижеге бағытталған оқыту тәсілдерін күшейту, критериалды бағалау жүйесін тиімді енгізу және оқытудың инновациялық әдістерін кеңінен қолданудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, қатысушыларға семинар аясындағы талқылаулар мен практикалық жұмыстардың кәсіби тәжірибені байытуға үлкен мүмкіндік беретінін жеткізді.

Семинар барысында қатысушылар силлабус пен өзге де оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу, білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау, оқыту технологиялары мен цифрлық құралдарды тиімді пайдалану бойынша тәжірибелік білім алады. Спикерлер қатысушылармен тәжірибе бөлісіп, жоғары білім беру жүйесіндегі заманауи трендтер мен академиялық процестерді жаңғыртудың тиімді тетіктерін талқылауда.

Алдағы күндерде семинар өз жұмысын жалғастырып, қатысушылар үшін тәжірибе алмасу мен кәсіби дамуға жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Барлық қатысушыларға сәттілік тілейміз!