Факультет жаңалықтары (Педагогика)

«Нейропсихология» біліктілікті арттыру курсы басталды

Дулати университетінде 2026-жылдың 18-мамырында «Нейропсихология» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсы басталды. 80 сағаттық курс бағдарламасы 2 апталық мерзімді қамтып, 01 маусымға дейін жалғасады.

4 модульдан тұратын курс барысында ми құрылымы мен жоғары психикалық қызметтердің байланысы және оларды педагогикалық-психологиялық іс-әрекетте тиімді қолдану жолдары игеріледі. Әр модуль лекциялар, презентациялар, практикалық сабақтар, өз бетінше орындалатын жұмыстар, әдебиеттер тізімі және тест тапсырмаларынан құралады. Курсты меңгеру open.dulaty.kz/courses платформасында жүзеге асырылады.

Нейропсихология курсы AP26104365 – «Мектепке дейінгі ерекше білім беруді қажет ететін балаларды инклюзивті ортаға ойын арқылы бейімдеудің әлеуметтік-педагогикалық шарттары» тақырыбындағы гранттық қаржыландырылатын ғылыми жоба аясында жасалды. Өйткені, нейропсихология – инклюзивті білім берудің ғылыми-практикалық негіздерінің бірі, сондықтан білім алушылар үшін қолайлы, қауіпсіз әрі дамытушы орта құруға ықпал ететін алғышарттар қатарынан болып табылады.
Курс тыңдаушылары – Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің ұжымы: Педагогика және психология, Мектепке дейінгі білім беру кафедраларының меңгерушілері мен профессор-оқытушылар құрамы. Нейропсихология біліктілікті арттыру курсының бағдарламасы аясында тыңдаушылар меңгереді:
✓ адам миының жергілікті зақымдалуына байланысты есте сақтау, зейін, тіл, қабылдау, ойлау, қиял сынды жоғары психикалық әрекеттердің бұзылыстарын анықтау;
✓ жарақат, инсульт салдарын болжау үшін когнитивті процестерді модельдеу;
✓ бұзылуларды диагностикалау және түзету әдістерін әзірлеу.

Курс спикерлері – ҚР ЖОО үздік оқытушылары, Педагогика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің қауымдастырылған профессорлары, ғылым кандидаттары Оспанбаева Махаббат Пернебаевна және Керимбаева Рысты Калдыхановна.