Факультет жаңалықтары (Технологиялық)

Дулати университетінде VIII-ші облыстық «Робототехника» байқауы өтті

 27 сәуірде М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Автоматика және телекоммуникация» кафедрасының ұйымдастыруымен дәстүрлі VIII-ші облыстық «Робототехника» байқауы жоғары деңгейде өткізілді.

Байқаудың ашылу салтанатында Басқарма мүшесі, ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор С.Ә. Орынбаев құттықтау сөз сөйлеп, жас өнертапқыштардың интеллектуалдық қабілетін дамыту мен еліміздегі STEM-білім берудің маңыздылығына тоқталды.

Биылғы дода өзінің ауқымдылығымен ерекшеленді. Жарысқа Жамбыл облысы мен Тараз қаласынан 182 оқушы мен студент; 98 ғылыми жетекші;55 мектеп, колледж және университет қатысты.

Қатысушылар жеті негізгі бағыт бойынша бақ сынасты. Олардың қатарында роботтардың сызықпен жүруі (Lego, MBot, Arduino), роботтар соғысы (Sumo), қыздар арасындағы триатлон және ерекше инженерлік жобалар қорғау болды.

Жеңімпаздар тізімінен қысқаша үзінді:
«Ерекше жобалар» номинациясы: 1-орын – Өксікбай Аят, Біржан Бибарыс, Оспан Әбдінұр (Б. Момышұлы атындағы әскери мектеп-интернаты).
1KG LEGO SUMO: 1-орын – Айдархан Әділжан, Жамит Дулат (№66 орта мектеп).
LEGO LINE FOLLOWING: 1-орын – Третьяков Богдан, Акимов Алимжан (Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті).

Шараның басты мақсаты – жастар арасында робототехника мен мехатроника саласын дәріптеу, техникалық шығармашылықты дамыту және болашақ инженерлердің кәсіби бағдар алуына жағдай жасау.

Жалпы жетекшілік еткен «Автоматтандыру және телекоммуникация» кафедрасының меңгерушісі Л.А. Сугурованың айтуынша, бұл байқау мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы алтын көпір іспетті. Университет қабырғасында мехатрониканы оқытудың ерекшеліктері мен өндірістегі маңызы қатысушыларға кеңінен таныстырылып, мектеп түлектеріне Дулати университетінде білім алуға кеңес берілді.