Жаңалықтар

М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті, «Құқық, бизнес және басқару» жоғары мектебінің «Туризм және сервис» кафедрасының ұйымдастыруымен 27 қыркүйек – Дүниежүзілік туризм күніне орай «DULATY TOURISM DAY 2026» тақырыбында іс-шара өткізілді.

Іс-шараға туризм, қонақжайлылық, креативті индустрия және туристік қызмет көрсету салаларының бірқатар беделді өкілдері ,университет оқытушылары мен студенттері қатысты.

Іс-шараның арнайы қонақтары қатарында Жамбыл облысы әкімдігінің туризм және инвестиция басқармасының басшысы Ержан Талип, туризм бөлімінің басшысы Қажы Ж.Ж., Туристік ақпараттық орталығының директоры Мөлдір Уразалиева, «Қонақ үй Жамбыл» ЖШС директоры Марите Әбілпатта , Жамбыл облысы бойынша Креативті индустрия басшысы Сара Мадиева , «Seber shanyraq» қоғамдық қолөнершілер бірлестігінің төрайымы Анар Бексултанова , «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Нұржан Мергенбай , «Жамбыл облысының альпинизм, радиобағдарлау және спорттық туризм федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті  Ниматжан Мурсаитов , «TapazTravel» туркомпаниясының директоры  Оралкуль Аширбаева , «Золотой караван» ЖШС директоры Валерий Татаренков , «Marven Tour» ЖШС туристік агенттігінің директоры Венера Алтынбекова және «EveresTime» ЖШС туристік компаниясының директоры Алишер Тоғайбек болды.

Іс-шара аясында қатысушыларға Жамбыл облысының тарихи-мәдени мұрасын кеңінен таныстыруға бағытталған бірнеше көрме ұйымдастырылды.

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығынан арнайы жәдігерлер әкелініп, гидтер олардың тарихы мен ерекшеліктері туралы таныстырды. Бұл көрме студенттерге өңірдің археологиялық және тарихи құндылықтарымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар Жамбыл облысының «Seber shanyraq» қоғамдық қолөнершілер бірлестігінің бұйымдары қойылып, ұлттық қолөнердің бірегей үлгілері көпшілік назарына ұсынылды.

Көрменің ерекше шығармашылық алаңдарының бірі – Жамбыл облысының тарихи-мәдени ескерткіштеріне арналған студенттердің қолмен салған картиналарының көрмесі болды. Білім алушылар туған өлкенің тарихи орындары мен сәулет ескерткіштерін өз шығармашылық көзқарастары арқылы бейнелеп, көрерменге ұсынды.

Іс-шараның маңызды бөлімдерінің бірі – танымдық семинар болды. Семинар жұмысына «Құқық, бизнес және басқару» жоғары мектебінің деканы Диана Муратова модераторлық жасап, кездесудің мазмұнды әрі жүйелі өтуіне жетекшілік етті.

Семинар барысында арнайы шақырылған қонақтар туризм саласы, тарихи-мәдени мұраны сақтау және туристік бағыттарды дамыту мәселелері бойынша өз ойларымен бөлісті.

«Туристік бизнес» және – «Туризм саласындағы цифрлық маркетинг» білім беру бағдарламаларының студенттері өздерінің білімдері мен шығармашылық ізденістерін көрсетіп, қазақ және ағылшын тілдерінде тақырыптық презентациялар ұсынды.

Іс-шараның практикалық бөлігінде – «Мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі» білім беру бағдарламасына арналған арнайы аудиторияда шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Мастер-класс барысында студенттер мейрамхана сервисі саласына қатысты практикалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік алды.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар тарапынан арнайы қонақтарға және студенттерге алғыс хаттар табысталып, олардың туризм саласын насихаттауға және студенттердің кәсіби дамуына қосқан үлесі атап өтілді.

 

М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті Әлеуметтік-мәдени жұмыс департаментінің  ұйымдастыруымен «Экологиялық мәдениет – ортақ міндет» тақырыбында семинар өтті.

Семинардың негізгі мақсаты – білім алушылардың экологиялық сауаттылығын арттыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану қағидаларын насихаттау және жастарды экологиялық бастамаларға белсенді қатысуға шақыру.

Іс-шараның модераторы –Әлеуметтік-мәдени жұмыс департаментінің маманы Е. Мамедалиев семинардың мақсаты мен маңызын таныстырып, спикерлердің баяндамалары мен қатысушылар арасындағы пікір алмасуды үйлестірді. Семинарға білікті мамандар қатысып, қоршаған ортаны қорғауға қатысты өзекті мәселелер бойынша мазмұнды пікірлерімен бөлісті.

Жамбыл облысы бойынша Экология департаментінің Мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы, мемлекеттік экологиялық инспектор Ақерке Киргизбаева өз сөзінде мемлекеттік экологиялық бақылаудың негізгі бағыттарына, табиғатты қорғау заңнамасының талаптарына және қоршаған ортаға кері әсер ететін факторлардың алдын алу мәселелеріне тоқталды.

 «Білім берудегі тарих және география» кафедрасының геоэкология маманы, PhD докторы Камила Акилова қоршаған орта мен адам әрекетінің өзара байланысы, табиғи аумақтардың экологиялық жағдайы және геоэкологиялық мәселелер жөнінде сөз қозғады. Әлеуметтік-мәдени жұмыс департаментінің жетекші маманы Бақтияр Алпысбаев жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, студенттерді қоғамдық және табиғатты қорғау іс-шараларына тарту мәселелеріне тоқталды. «Таза Қазақстан» – тек сыртқы келбетіміз бен өмір сүретін ортамыздың тазалығы ғана емес, ол ең алдымен жан дүниеміздің, ішкі болмысымыздың тазалығы екендігін атап өтті.

Кездесу аясында өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту және университет аумағында экологиялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар ортаға салынды. Семинар қорытындысында экологиялық мәдениетті қалыптастыру үздіксіз білім мен жүйелі тәрбиені талап ететіні, ал табиғатты қорғау әр адамның күнделікті әрекеті мен саналы жауапкершілігінен басталатыны айтылды.

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің студенттері арасында «Зорлық-зомбылықтың алдын алу: Қауіпті белгілері және оны ерте анықтау» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің құқықтық және психологиялық сауаттылығын арттыру, зорлық-зомбылықтың алдын алу және жастар арасында қауіпсіз орта қалыптастыру.

Іс-шараны Әлеуметтік-мәдени жұмыс департаментіне қарасты «Студенттердің психологиялық денсаулығы, буллинг пен харасментке қарсы тұру» орталығы ұйымдастырды. Семинарды орталық басшысы Г.К. Саменова және психолог Н.М. Әділхан жүргізді. Кездесуге Тараз қаласы Полиция басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің инспекторы, полиция лейтенанты Динара Бақытжанқызы және полиция лейтенанты Ерік Серікұлы қатысты.

Кездесу барысында студенттерге зорлық-зомбылықтың алдын алу және қауіп туындаған жағдайда тиісті көмекке жүгіну жолдары туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ, студенттермен ашық пікір алмасып, қауіпсіз орта қалыптастыру, өзара сыйластықты нығайту және зорлық зомбылыққа бейжай қарамау мәселелері талқыланды.

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде бастау алған «Мұрадан креативті болашаққа» Халықаралық қолөнер және  креативті индустриялар фестивалі аясында бүгін «International Professional forum: Craft, Design, Creative Industries» тақырыбында форум өтті.

Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор м. а.  Ғазиз Досмаханбетұлы алғысөзбен форумды ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Eurasian Council for Craft & Design ұйымының құрылтайшысы, Алматы қаласы Қолөнершілер палатасының президенті Дәмелі Жанашева форум аясында креативті экономика мен ұлттық құндылықтардың тоғысуына қатысты ауқымды мәселелер, құнды ойлар ортаға салынатынын айтты.

Іс-шарада Қырғызстан, Белорусия, Түрікменстан, Үндістан, Ұлыбританиядан келген қолөнершілер және отандық дизайнерлер мен шеберлер өз тәжірибелерімен бөлісті. Ортақ ой алаңында шығармашылық жолдарын, дәстүрлері мен ұлттық құндықтардың ерекшеліктері туралы сөз қозғады.

Форумда мәдени мұраны заманауи экономикаға интеграциялау, кретивті индустрияны дамыту, қолөнерді сақтай отырып халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері қозғалды.

Сондай-ақ, шеберлердің басты мәселесі – шабыттан туған өнер туындысын нарыққа шығару, монетизациялау мәселесі көтерілді. Нарықта табысқа шығу үшін қандай қадамдар жасау қажет, серіктестік құру арқылы жаңа деңгейге көтерілу жолдары да қызу талқыланды.

ХХ Азия ойындарында М. Х. Дулати атындағы Тараз университетінің  4-курс студенті Абдурашид Абдуллаев Қазақстан намысын қорғап,Ушу-саньда спорт түрінен Күміс жүлдеге ие болды.

 XX Азия ойындары – Aichi-Nagoya 2026 Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында 2026 жылғы 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтуде. Бұл – Азиядағы ең ірі көпсалалы спорттық жарыстардың бірі. Ойындарға 45 елдің спортшылары қатысып, спорттың ондаған түрінен бақ сынауда.

 Жеңімпазды құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда толағай табыстар, биік белестер мен жаңа жеңістер тілейміз!

 

 

 

М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті төрінде «Мұрадан креативті болашаққа» тақырыбында Халықаралық қолөнер және  креативті индустриялар фестивалінің ашылу салтанаты өтті.

Ауқымды мәдени-шығармашылық шараға Ұлыбритания, Италия, Үндістан және Қырғызстан елдерінен шығармашылық  индустрия саласының өкілдері келді.

Салтанатты жиында Дулати университеті мен Еуразиялық қолөнер және дизайн кеңесі арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Қолөнер шеберлері, суретшілер мен этнографтар, сән әлемінің мамандары бас қосқан жиында алғы сөзді Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева алып, түрлі елдерден келген өнер адамдарының көне Тараз төрінде, Дулати университетінде бас қосуы үлкен мәртебе әрі мақтаныш екенін жеткізді. Ұлы Жібек жолында орналасқан тарихы терең Тараз қаласында ауқымды шараның өтуі символдық мәнге ие екенін айтты. Үш күндік іс-шара аясында шеберлер өзара тәжірибе алмасу арқылы жаңа жобалар, білім беру бағдарламалары, жаңа келісімдерге қол жеткізуге мүмкіндік туындайтынына сенім білдірді.

Eurasian Council for Craft & Design ұйымының Азия елдері бойынша вице-президенті Айдархан Калиев Тараз қаласының «Дүниежізілік қолөнершілер қаласы» деп танылғаны тектен тек емес, Тараз сан алуан өнердің түйіскен мекені ретінде танымал екенін айтты. Өзінің Тараз тумасы, университет түлегі екенін мақтанышпен жеткізді.

Eurasian Council for Craft & Design ұйымының құрылтайшысы, Алматы қаласы Қолөнершілер палатасының президенті Дәмелі Жанашева, ECCD ұйымының Италиядағы өкілі, MADMOOD FASHION WEEK MILANO және MEDITERRIAN FASHION WEEK президенті, Италияның Лечче қаласындағы Бірінші халықаралық қолөнер және дизайн фестивалінің ұйымдастырушысы Марианна Мичелли, «Кырғыз Хэндмейд» және «Байбол Груп» компанияларының негізін қалаушы, экономика бойынша француз ғылымдарының магистрі, Қырғызстан туроператорлар қауымдастығының президенті Мансұр Аблаев, Ұлыбританиядағы Тессайд университетінің (University of Teesside) сән бағыты бойынша магистрі Венука Яссасри, Үндістаннан  Аджрах техникасы бойынша Хатри әулетінің ісін жалғастырушы, «Джаббар и Мубин» қолөнер компаниясының негізін қалаушы, креатор Мубин Хатри фестиваль аясында өз пікірлерін, жылы лебіздерін жеткізді.

Мұра, қолөнер, дизайн, сән, өнім, нарық сынды бағыттарды қамтитын бұл фестивальде сала мамандары өзара тәжірибе алмасу арқылы, халықаралық деңгейде жаңа жоба, тың идеялар туындайтынына сенім білдіріп отыр.

Халықаралық фестиваль  ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі мен жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары, шығармашылық кездесулер, мәдени-танымдық іс-шаралармен жалғасын табады.

 

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаеваның студенттермен ашық кездесуі өтті.

Кездесудің басты мақсаты – студенттердің ұсыныстары мен пікірлерін тыңдау, жастардың бастамаларын қолдау және университеттегі студенттік ортаны одан әрі дамыту.

Кездесу барысында университеттегі студенттік ұйымдар мен жастар бірлестіктерінің жұмысы таныстырылды. Әр ұйым өз қызметінің негізгі бағыттары, жүзеге асырылып жатқан жобалары мен алдағы жоспарлары туралы айтып, студенттерді белсенді болуға шақырды.

Студенттер өзекті мәселелерін ортаға салып, университет өмірін жетілдіруге бағытталған ұсыныстары мен идеяларын жеткізді. Өз кезегінде ректор жастардың бастамаларын қолдаудың және студенттік ортаны одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар студенттерге университет қабырғасында қоғамдық, шығармашылық, ғылыми және спорттық бағыттарда өз қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін бастамалар таныстырылды.

Білім алушылар басшылық тарапынан студенттердің ұсыныстары мен бастамаларына әрдайым назар аударылып, оларды жүзеге асыруға мүмкіндік жасалып келе жатқанын атап,ректорға алғыстарын білдірді. Сонымен қатар студенттердің шығармашылық, ғылыми, қоғамдық және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға қолдау көрсетіп, университет өміріне белсенді араласуына жағдай жасап отырғаны үшін ризашылықтарын жеткізді.

 Кездесу соңында студенттер мұндай қолдау олардың жаңа идеяларға ұмтылып, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына үлкен серпін беретінін атап өтті.

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Джоукар Али Акбар университет студенттеріне онлайн-дәріс оқыды.

Университет ректоры Ләззат Еркінбаева онлайн-дәріс ашық пікір алмасуға арналғанын айтып, Қазақстан мен Иран елдері арасындағы тарихи, мәдени байланыстарға тоқталды. Онлайн-лекцияға оқу орнының ғалымдары, оқытушылары мен студенттері қатысты. Бұл кездесу студенттер мен оқытушылардың шетелдік дипломаттармен ашық пікірлесуіне арналған «Дулати университеті: шекарасыз диалог / Dulaty University: Dialogues Without Borders» жаңа жобасының бастамасы болды.

Онлайн-лекция  «Қазақстан мен Иран: ежелгі байланыстар, ортақ мәдени мұра және ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі» тақырыбында өтті.

Өз кезегінде Джоукар Али Акбар студенттермен бұл кездесуді жақсыға жорыды. Қазақстан мен Иранды байланыстыратын тарихи ортақ құндылықтарға, туризмді дамыту мүмкіндіктеріне тоқталды. Тарихи аспектілерді, екі ел арасындағы ортақ байланысты ескере отырып оқу орнында «Ирантану» орталығы ашылса деген тілегін жеткізді. Сондай-ақ, Иранда ұлы ойшыл Әл-Фарабидің еңбектері барын, оны зерттеп тану үшін парсы тілін білудің маңыздылығына тоқталды.

Джоукар Али Акбар Қазақстан Республикасында Иран диаспарасының тұратынын, Иранда қазақ халқы мекендейтінін тілге тиек етіп, бұл да екі елдің ортақ байлығы ретінде қабылдайтынын айтты. Каспий теңізі арқылы шектесетін көршілес ел ретінде 35 жыл жақсы дипломатиялық қарым-қатынас орнағанын айтып, бұл байланысты Иран елі жоғары бағалайтынын жеткізді.

Онлайн-дәріс аясында Джоукар Али Акбар мырзаға университеттің Құрметті профессоры атағы берілді.

Жиын соңында студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, жауап алды.