Жаңалықтар

ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ 3–4 КУРС СТУДЕНТТЕРІНІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПРАКТИКАСЫ БАСТАЛДЫ

12 қаңтардан бастап Дулати университетінде педагогикалық білім беру бағдарламалары бойынша 3–4 курс студенттерінің педагогикалық практикасы ресми түрде басталды. Университет ректорының бұйрығына сәйкес, жалпы 2850 студент Тараз қаласы мен Жамбыл облысындағы мектептерге және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына жіберілді.

Практика барысында студенттерге университеттің білікті оқытушылары жетекшілік ететін болады. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарынан арнайы тәлімгерлер бекітіліп, 3–4 курс студенттеріне жетекшілік жасаған мектеп мұғалімдеріне еңбекақы қарастырылған.

2024–2025 оқу жылында педагогикалық бағытта білім алып жатқан студенттер жинақтаған материалдарын «Электрондық портфолио» жүйесіне енгізеді. Ал 1–2 курс студенттері педагогикалық-психологиялық практиканы теориялық оқумен қатар жүргізіп, аптасына 1–2 күн практикадан өтіп, қалған күндері университетте білім алады.

Барлық студенттерге педагогикалық практикада сәттілік тілейміз!