Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2025 жылғы 24 ақпандағы №79 бұйрығына сәйкес, жоғары рейтингілік ғылыми басылымдарда жарияланымдары бар алыс шетелдің жетекші университеттерінен сарапшыларды тарту жоспары бекітілген.
Бағдарлама аясында Малайзия мемлекеті Петронас технология университетінің ғалымы Nur Diyan Binti Mohd Ridzuan және Малайзия Ғылым университетінің ғалымы Noor Haida Binti Mohd Kaus «Жаратылыстану ғылымдары» факультеті «Химия»кафедрасының студенттері мен магистранттарына лекция оқып, семинарлар жүргізеді.
Өзара ынтымақтастықтың мақсаты – университеттің интернационалдандыру саясатын дамыту, шетелдік тәжірибені оқу үдерісіне енгізу және студенттерге көпмәдениетті ортада білім алуға жағдай жасау.
Университеттің Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Алтынбекқызы сөз алып, шетелдік ғалымдардың келуі студенттердің кәсіби дамуына және университеттің халықаралық байланыстарын нығайтуға үлкен үлес қосатынын атап өтті. Ғалымдарға сәттілік тілеп, бірлескен ғылыми әрі оқу үдерісіндегі нәтижелі ынтымақтастыққа сенім білдірді.
Шетелдік ғалымдар университеттің мұражайымен танысып, химиялық зертханаларда жергілікті ғалымдармен бірлескен тәжірибе алмасты. Кездесулер ғылыми байланысты нығайтуға және студенттердің халықаралық деңгейдегі білімге қол жеткізуіне мүмкіндік берді.

