Университет қабырғасында «Қолданбалы информатика және бағдарламалау» кафедрасының ұйымдастыруымен «MicroPython – 2025» Python тілінде бағдарламалаудың қазіргі мүмкіндіктері» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияның мақсаты – жас оқушылар мен студенттерді бағдарламалау саласында кәсіби бағыттау арқылы Python тілінде жобалау мен инновациялық ойлауды дамыту.
Конференцияны Технологиялық факультеттің деканы, техника ғылымдарының кандидаты Әбілхан Сәдібаев құттықтау сөзбен ашып, жас білім алушылардың ғылыми ізденістерін қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Дарынды жастардың жобалық жұмысқа қызығушылығын арттыру, инновациялық ойлау қабілеттерін жетілдіру және білімдерін практикалық бағытта қолдануға мүмкіндік берудің маңызды екенін жеткізді. Ал, кафедра меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты Мади Ахметжанұлы мектеп оқушыларын кәсіби бағдарлау, IT саласына баулу және заманауи бағдарламалау технологияларын меңгерту мәселелеріне тоқталды. Ол конференция қатысушыларына Python тіліндегі жобаларды жүзеге асыру арқылы өз идеяларын тәжірибеде сынап көруге, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және болашақ мамандықтарын таңдау барысында нақты тәжірибе жинауға мүмкіндік беретінін айтты.
Конференция барысында мектеп оқушылары «Асық ату роботы», «ЭкоКүзет: Су көздерін автоматтандырылған тазарту жобасы роботының моделі», «НұрКас ақылды каскасы» жобаларын таныстырса, студенттік үйірме мүшелері «Тамақ өнімдерінің құрамын анықтау мобильді қосымшасы», «Жұмыс іздеуге арналған мобильді қосымша», «Диетаны жоспарлау мен бақылау мобильді қосымшасы»,«Юрист-консультант» мобильді қосымшаларын көрсетті.
Конференция соңында барлық қатысушыларға, ғылыми жетекшілерге және студенттерге сертификаттар мен Алғыс хаттар табысталды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді.



