25 қараша 2025ж.
Бүгін қараша айының 25 күні «Философия және саясаттану» кафедрасына қарасты «Логос» студенттік ғылыми үйірмесінің 2025-2026 оқу жылындағы жұмыс жоспарына сәйкес «Ұлттық тәрбие жүйесіндегі дәстүр мен жаңашылдық» тақырыбында үйірменің ашық отырысы ғылыми-танымдық облыстық конференция форматында өтті. Конференцияға Қазіргі заман гуманитарлық-техникалық колледжі, Тараз мамандандырылған колледжі, Тараз инновациялық көпсалалы колледжі, Тараз теміржол көлік және коммуникация колледж студенттері мен Жамбыл облысы Меркі ауданы «Ақкөз Қосанұлы атындағы №18 жалпы орта білім беретін мектебі», Байзақ ауданы, Шайқорық орта мектебі, Сарысу ауданы Жаңатас қаласының «Шапағат БО» ЖШС, «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының мұғалімдері мен Тараз қаласының орта мектеп, мектеп-гимназия оқушылары және «Логос» студенттік ғылыми үйірмесінің мүшелері мен Дулати университеттің студенттері қатысып мазмұнды баяндамалар жасады. XXI ғасырдағы жаһандану үдерісі әлем халықтарының мәдениеттерін жақындастырғанымен, ұлттық бірегейлікті жоғалту қаупін арттыра түсуде. Жаһандану үдерісі жастардың дүниетанымына жаңа әсерлер әкелгенімен, ұлттық құндылықтардың әлсіреу қаупін туындатуда. Осы жағдайда тәрбие жүйесін этномәдени мазмұнмен байыту аса маңызды деп ойлаймыз, сондықтанда конференция тақырыбы ғылымға құштар жас буын арасында үлкен қызығушылық туғызды және дәстүр мен жаңашылдықтың өзара ықпалдасуына қатысты ойларымен бөлісіп, ұсыныстар жасады. «Философия және саясаттану» кафедрасының ұйымдастыруымен «Логос» студенттік ғылыми үйірмесінің ашық отырысы мектеп, колледж, университет арасында кәсіби ынтымақтастық орнатып, тек пікір алмасу алаңы ғана емес, жастардың ғылыми әлеуетін танытатын, жаңа идеялар мен жаңашылдықтарға жол ашатын маңызды дәстүрлі шараға айналуда. Конференция соңында ұйымдастырушылар оқушылар мен студенттерге дипломдар мен олардың ғылыми жетекшілеріне алғыс хаттар табыстап, болашақта ғылым жолындағы еңбектеріне сәттілік және үздіксіз ізденіс тіледі.