2026 жылдың 1 сәуірінде М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Технологиялық» факультеті, «Текстиль, материалтану және стандартизация» кафедрасында студент жастарға арналған маңызды профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.
Кураторлар доцент Рахманова Ж.С., магистр Қасымова Г.А., PhD доктор Демеуова Г.Б., PhD доктор Оңлабекова А.Т. жетекшілігімен өткен ашық кураторлық сағат дөңгелек үстел форматында өтті. Аталған кездесуге құқық қорғау органдарының өкілдері Тараз қ., Әулие - Ата АПБ, ҚҚБ ЮБТ УПТ полиция аға лейтенанты Сейдікәрім А.Б., полиция аға лейтенанты Адилханов Н.У. қатысып, студенттермен құқықтық тақырыпта ашық пікір алмасты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын түсіндіру және қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілікті нығайту болды. Кездесу барысында бүгінгі күні ерекше өзекті мәселелер қозғалды. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың құқықтық жауапкершілігі, қоғамдық орындардағы тәртіп ережелері, құмар ойындардың зияны, бопсалау және құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу жолдары кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, синтетикалық есірткілердің таралу қаупі мен оның салдары туралы нақты түсіндірмелер беріліп, жастарды сақ болуға шақырды.
Полиция қызметкерлері терроризм мен экстремизм идеологиясына қарсы іс-қимыл мәселелеріне де тоқталып, ақпараттық кеңістіктегі қауіпсіздік пен сыни ойлаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстары студенттердің саналы көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен бірге, жиын барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат, заңнамадағы жаңашылдықтар және академиялық адалдық қағидалары туралы да маңызды ақпараттар ұсынылды. Бұл – болашақ мамандардың кәсіби және азаматтық ұстанымын қалыптастырудағы маңызды қадамдардың бірі.
Іс-шара интерактивті форматта өтіп, студенттер өз сұрақтарын қойып, нақты әрі тұшымды жауаптар алды. Мұндай ашық кездесулер жастардың құқықтық мәдениетін арттырып, олардың қоғамдағы рөлін терең түсінуіне мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, құқықтық тәрбие – сапалы білімнің ажырамас бөлігі. Осындай мазмұнды кездесулер жастардың саналы, жауапты әрі заңға құрметпен қарайтын тұлға болып қалыптасуына негіз қалайды.
доцент Рахманова Ж.С.

