Жаңалықтар

ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Университет қабырғасында бітіруші түлектерге арналған «Университет–Бизнес–Карьера: өзара әрекеттесу тетіктері» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Ұйымдастыру комитеті: «Экономика және құқық» факультеті мен «Карьера және бизнес серіктестік» орталығы. 

Басқосудың мақсаты – жұмыс берушілер мен бітіруші түлектер арасында ашық диалог орнату, өзара тиімді әріптестік байланыстарды нығайту және жас мамандардың еңбек нарығына табысты бейімделуіне бағытталған нақты тетіктерді айқындау.

Кездесуге Тараз қаласы мен Жамбыл облысындағы бірқатар мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Жамбыл облысы бойынша Экономикалык тергеп-тексеру департаментінің Ұйымдастыру бақылау басқармасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Жағыпар Исатаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат  Көпдікбаев, ҚР Сот әкімшілігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің Персоналды басқару бөлімінің басшысы Фариза Ешенқұлова, Жамбыл облысы прокурорының аға көмекшісі Жамбыл облысы прокуратурасының Кадрлық жұмыс тобының басшысы Сандуғаш Сақыпбекова Жұмабекқызы, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» Мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы РМҚК Экскурсовод бөлімінің басшысы Мергенбай Нұржанов қатысып, өз салалары бойынша мазмұнды ақпарат ұсынды.

Басқосуды Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректор Рысгуль Кудретуллаева ашып, университеттің білім беру сапасын арттыру және түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткішін жақсарту бағытында нақты қадамдар жасалып жатқанын атап өтті. Ол оқу бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына сәйкестендіру, студенттердің тәжірибелік дағдыларын дамыту және жұмыс берушілермен тығыз серіктестік орнату – университеттің басты басымдықтарының бірі екенін жеткізді. Ал, «Экономика және құқық» факультетінің деканы Қайрат Ернишев өз сөзінде, университет пен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Ол мұндай кездесулер студенттердің кәсіби бағдарын айқындауға, еңбек нарығы талаптарын тереңірек түсінуге және болашақ мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететінін жеткізді. Сонымен қатар, факультет тарапынан тәжірибелік бағыттағы жұмыстарды күшейту, жұмыс берушілермен бірлескен жобаларды көбейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын сөз етті. 

Дөңгелек үстел барысында мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі, конкурсқа қатысу талаптары мен іріктеу кезеңдері жан-жақты талқыланды. Болат  Исаханұлы мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде туындайтын негізгі мәселелерге тоқталып, үміткерлерге қойылатын талаптар мен кәсіби және жеке құзыреттердің маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде, Жағыпар Қожахметұлы Экономикалық тергеп-тексеру департаментіндегі бос жұмыс орындары туралы ақпарат беріп, қызметке орналасу үшін қажетті құжаттар тізімі мен үміткерлерге қойылатын талаптарды түсіндірді. Ал, Сандуғаш Жұмабекқызы прокуратура органдарындағы кадрлық саясат, қолжетімді вакансиялар, қажетті құжаттар мен жас мамандарға қарастырылатын әлеуметтік қолдау шаралары туралы баяндады. Сонымен қатар, Сот әкімшілігі мен музей-қорық өкілдері де өз мекемелеріндегі еңбек ету мүмкіндіктері, кәсіби даму жолдары мен тәжірибеден өту шарттары жөнінде ақпаратпен бөлісті.

Кездесу соңында 4-курс студенттері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мемлекеттік қызметке орналасу, тағылымдамадан өту, мансаптық өсу мүмкіндіктері жөнінде нақты жауаптар алды. Ашық форматта өткен кездесуде студенттер мен жұмыс берушілер арасында тікелей байланыс орнап, болашақ әріптестіктің негізі қаланды.