Университет қабырғасында «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Тарих және бүгінгі заман: ұлттық бірегейлікті нығайту мәселелері» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Басқосу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында көтерген тарихи сана мен ұлттық бірегейлікті нығайту мәселелеріне арналды.
Ғылыми-тәжірибелік семинардың мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында көтерген тарих, ұлттық жады және тарихи сана мәселелерін ғылыми тұрғыда талқылау, отандық тарих ғылымының өзекті бағыттарын қазіргі заман талаптарымен сабақтастыра отырып зерделеу.
Семинарға Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректор Рысгуль Кудретуллаева, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының профессоры, т.ғ.д. Асқар Абдуалы, «Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология» институтының бас директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі Зиябек Қабылдинов, «Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының» Бас сарапшысы, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор Әуезхан Шашаев, ф.ғ.д., профессор Сәмен Құлбарақ, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ-сінің директоры Сауран Қалиев , «Тараз қаласы мемлекеттік архивінің» директоры Нұрхат Серікбаев, Абай атындағы ҚазҰПУ докторанты Рахат Тобажанов, орталық қызметкерлері мен студенттер қатысты.
Конференцияны Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер бойынша проректор Рысгуль Кудретуллаева алғы сөзбен ашып, тарихи сананы қалыптастыру мен ұлттық бірегейлікті нығайту мәселелеріне ерекше мән берді. Өз сөзінде, Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында көтерген тарих мәселелері қазіргі отандық тарих ғылымының даму бағытын айқындайтын маңызды тұжырымдар екенін атап өтті. Тарихи сананы жаңғырту, ұлттық жадыны сақтау, өңірлік тарихты жүйелі түрде зерделеу және археологиялық мұраны қорғау мәселелері бүгінгі ғылыми зерттеулердің негізгі бағыттарының бірі болып отырғанын жеткізді. Қазіргі таңда тарих ғылымы мен зерттеу институттарының алдында тұрған өзекті міндеттерге тоқталып, жас зерттеушілердің рөліне ерекше тоқталды. Тарихты зерделеудің маңыздылығы тек өткенді танумен шектелмейтінін, сонымен бірге қоғамның бүгінгі даму бағыттарын, ұлттық сана мен рухани сабақтастықты нығайтуға септесетінін сөз етті.
Модератор әрі «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, қауымдастырылған профессор, PhD Альбина Мақсұтова семинардың маңыздылығына жан-жақты тоқталды. Өз сөзінде, тарих ғылымының қоғам өміріндегі рөлінің артып келе жатқанын, тарихи зерттеулердің нәтижелері ұлттық бірегейлікті нығайтуда, жас ұрпақтың тарихи танымын қалыптастыруда маңызды орын алатынын атап өтті. Өңірлік тарихты кешенді түрде зерттеу – жалпыұлттық тарихты терең түсінудің негізгі тетіктерінің бірі екенін атап өтіп, өңір тарихын зерделеу арқылы тарихи деректерді нақтылау мен толықтыруға жол ашылатынын айтты. Сонымен қатар, архивтік материалдарды ғылыми айналымға енгізу, археологиялық және жазба деректерді жүйелеу, пәнаралық зерттеулерді дамыту қажеттігіне тоқталды.
Ғылыми семинар барысында Зиябек Кабульдинов «Қазақстан тарихының келелі тарихы мен өңірлік тарихы» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, отандық тарих ғылымында өңірлік тарихты жүйелі түрде зерттеудің маңыздылығына кеңінен тоқталды. Ол тарих ғылымының қазіргі заман талаптарына сай дамуы, жас зерттеушілерге архивтік және сирек деректердің қолжетімділігін арттыру қажеттігін ерекше жеткізді. Академик докторанттар мен жас ғалымдардың зерттеу сапасын арттыру үшін еліміздің жетекші кітапханалары мен ғылыми мекемелер қорларында сақталған тың архивтік мәліметтерді ғылыми айналымға енгізудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ғылыми қауымдастыққа бірлесіп жұмыс істеу арқылы тарихи деректерді зерттеу мен қолдану бағытындағы бастамаларды қолдауды ұсынды.
Академиктің бұл ұсыныстары семинар қатысушылары тарапынан қолдау тауып, «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығы мен Шоқан Уәлиханов атындағы «Тарих және этнология» институты екіжақты меморандумға қол қойды. Меморандум тараптар арасындағы ғылыми ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашып, отандық тарих ғылымын дамытуға, өңірлік зерттеулерді жүйелеуге және жас зерттеушілер үшін қолжетімді ресурстарды көбейтуге нақты мүмкіндік береді.
Семинар барысында өзге де ғалымдар мазмұнды ғылыми баяндамалар жасап, жан-жақты талқылаулар жүргізілді. Профессор Асқар Абдуалы «Қазіргі Қазақстан тарихының кейбір өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, тәуелсіздік кезеңіндегі тарихи үдерістерді ғылыми тұрғыда зерделеудің өзектілігіне тоқталды. Филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ «М.Х.Дулатидің «Тарихи-и Рашиди» еңбегіндегі мемлекеттілік идеясы» тақырыбында баяндама жасап, ортағасырлық тарихи еңбектегі саяси ой мен мемлекеттік тұжырымдамалардың мәнін ашып көрсетті. Ал, қауымдастырылған профессор Әуезхан Шашаев «Қазақстандағы көші-қон мәселесі мен урбанизация кезіндегі кіші қалалардың маңызы» тақырыбында баяндама жасап, қазіргі әлеуметтік-демографиялық үдерістердің тарихи сабақтастығын талдады. Сауран Қалиев «Археологиялық ескерткіштерді сақтау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты» тақырыбында сөз сөйлеп, тас мүсіндерді қорғау мен консервациялау мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, Нұрхат Серікбаев архив деректерін цифрландырудың тарихи зерттеулер үшін ашып отырған жаңа мүмкіндіктеріне тоқталса, Рахат Тобажанов Жамбыл өңіріндегі кейбір топонимдердің қалыптасу ерекшеліктерін тарихи-этимологиялық тұрғыда талдады.
Басқосу соңында қатысушылар тарих ғылымын дамыту, ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіру және жас ғалымдарды қолдау мәселелері бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді. Тағылымды баяндама жасаған барлық қатысушыларға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар қатысушылар университеттің бас ғимаратындағы тарихи-мәдени мұражаймен танысып, қызығушыларын білдірді. Мұражайда М.Х. Дулатидің ғылыми және әдеби мұрасы, жеке жәдігерлері, архив құжаттары, сирек басылымдары мен тарихи фотосуреттері көрсетілген. Сонымен қатар, экспозицияда Жамбыл облысының тарихи-мәдени даму кезеңдерін бейнелейтін этнографиялық жәдігерлер, көне тұрмыстық заттар, археологиялық табылған жәдігерлер мен тас мүсіндер ұсынылған.
Қонақтар университет басшылығына ерекше алғыстарын білдіріп, білім ордасы алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, алға қойған мақсат-міндеттерді жүзеге асыратындығына сенім білдірді.















