Жаңалықтар

ҚАПАШ ТАСБОЛАТҰЛЫНЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Қапаш Тасболатұлының 100 жылдық мерейтойына арналған «Филолог, ұстаз – ұлт жанашыры» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті. Конференция онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылды.

Ғылыми жиынға Қазақстан және шетелдік жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, ғалымдар, докторанттар, магистранттар, мектеп және колледж мұғалімдері, БАҚ өкілдері қатысты.

Конференцияның мақсаты – филолог-ұстаздардың қоғамдағы рөлін айқындау, ұлттық руханият пен құндылықтарды сақтаудағы жауапкершілігін талқылау арқылы тіл білімі, әдебиеттану және журналистика саласындағы өзекті ғылыми мәселелерді қарастыру. Сонымен қатар, білім беру жүйесіндегі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің қолданылу мүмкіндіктерін саралау.

Модератор әрі Басқарма Мүшесі – ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейтжан Орынбаев алғы сөз алып, Қапаш Тасболатұлының ғылыми-педагогикалық мұрасының ұлттық білім беру жүйесіндегі орнына тоқталды. Проректор ғалым еңбектерінің бүгінгі білім беру кеңістігінде қолданбалы маңызға ие екенін атап өтіп, қазіргі цифрлық дәуірде филолог-ұстаздардың кәсіби бейнесі жаңа мазмұнмен толыққанын жеткізді. Білім беру үдерісіндегі инновациялар мен цифрлық шешімдерді тиімді пайдалану – уақыт талабы екенін айтты. Ал, ф.ғ.к., кандидаты, қ.профессор Зиба Құламанова Қапаш Тасболатұлының ұстаздық жолы мен ғылыми мектебінің тағылымдық қырларына тоқталып, оның әдістемелік көзқарастары ұлттық педагогикамен тығыз сабақтас екенін атап өтті. Сонымен қатар, филология саласындағы ғылыми ізденістердің бағыттары мен жас зерттеушілерді қолдау мәселесіне назар аударып, халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың маңызын ерекше атап өтті.

Конференция барысында Қапаш Тасболатұлының өмірі мен ғылыми жолына арналған бейнебаян көрсетіліп, оның ұстаздық болмысы мен ғылыми еңбектерінің мәні кеңінен таныстырылды. Бұдан кейін пленарлық отырыс ғылыми баяндамаларға ұласты.

Алғашқы баяндамалардың бірі АҚШ, Калифорния университетінің профессоры, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаты Назгүл Шыңғысова тарапынан жасалды. Профессор «Жоғары білім берудегі жасанды интеллект технологиясын студенттердің қабылдауы» тақырыбында сөз сөйлеп, қазіргі білім беру жүйесінде жасанды интеллекттің рөлі, студенттердің цифрлық дағдылары және оқу процесіндегі жаңа мүмкіндіктер мен сын-қатерлер туралы ғылыми талдау жасады. Ал, Сәуле Иманберді «Дримоним – Ұлы Жібек жолы» тақырыбында баяндама жасап, тарихи атаулардың мәдени-танымдық маңызын және ономастикалық кеңістіктің ұлттық жадымен байланысын ғылыми тұрғыдан түсіндірді. Оның зерттеуі тарихи география мен тіл ғылымының тоғысуын көрсететін маңызды еңбек ретінде бағаланды. Солтүстік Македониядан келген доцент Мейрамкүл Иссаева «Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің жоғары оқу орны мен мектептің білім беру орнындағы қолданылуы» тақырыбында баяндама жасап, білім беру жүйесінің цифрлық трансформациясы, оқытушы рөлінің өзгеруі және жаңа педагогикалық модельдер туралы ой қозғады. Қырғыз Республикасынан Үпөл Керимканова өз еліндегі 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу тәжірибесімен бөлісіп, жаңа оқыту құралдарының енгізілуі мен білім мазмұнының жаңару бағыттарын таныстырды. Сонымен қатар, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Шолпан Қудьярова педагогтардың цифрлық құзыреттілігін арттыру жолдарын қарастырып, заманауи мұғалімнің ақпараттық ортаға бейімделуінің маңызын атап өтті. KIMEP университетінің профессоры Айнұр Әбіш «Stance and interrogatives in Kazakh» тақырыбында ағылшын тілінде баяндама жасап, қазақ тіл біліміндегі синтаксистік құрылымдарды халықаралық ғылыми кеңістікке шығару мәселесін көтерді. Нұрайша Бекеева Шығыс Түркістан топонимиясын батыстық дискурс аясында зерттеп, түркілік тарихи қабаттардың ғылыми интерпретациясын ұсынды. Аталған зерттеу түркі әлемі тарихын қайта пайымдауға бағытталған маңызды еңбек ретінде жоғары бағаланды.

Конференция барысында профессор Сәмен Құлбарақ Қапаш Тасболатұлының әдістемелік мұрасына тоқталып, оның сабақ талдау принциптерінің бүгінгі педагогика ғылымындағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар, ғалымдар мен шәкірттері профессор еңбектерін ұстаздық шеберліктің берік ғылыми негізі ретінде бағалады.

Сонымен қатар, көркем әдебиет пен оқыту әдістемесіне қатысты баяндамалар ұсынылды. Сайра Құлтөреқызы көркем шығарма мен мінез сабақтастығын талдап, әдебиеттің тәрбиелік әлеуетін айқындады. Ал өзге баяндамаларда оқу сауаттылығын дамыту, мәтінмен жұмыс жүргізу және эмоционалдық интеллектті қалыптастыру мәселелері қарастырылды.

Конференцияның келесі бөлігінде ономастика, тіл саясаты, ұлттық бірегейлік, топонимия және әдебиеттің әлемдік процестермен байланысы сияқты өзекті ғылыми бағыттар бойынша баяндамалар тыңдалды. Ғалымдар ұлттық тіл мен мәдениетті сақтау, оны жаһандық кеңістікке бейімдеу мәселелерін жан-жақты талқылады.

Секциялық жұмыстар барысында журналистика мен филологияның цифрлық трансформациясы, білім беру жүйесіндегі жаңа әдістер, жасанды интеллекттің оқу үдерісіне әсері және тілдік зерттеулердің заманауи бағыттары бойынша пікір алмасу ұйымдастырылды. Қатысушылар тәжірибе алмасып, бірқатар ғылыми ұсыныстар білдірді.

Ғылыми жиын қорытындысы бойынша конференция қатысушылары филология ғылымын дамыту, білім беру сапасын арттыру, ана тілінің мәртебесін көтеру және ұлттық мәдени мұраны сақтау бағытында бірқатар нақты ұсыныстарды қамтитын резолюция қабылдады. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, жиын жұмысына белсенді қатысқан ғалымдар мен мамандарға жылы лебіздерін жеткізді.