Жаңалықтар

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ — ЖАҢА БУЫН!

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістерді түсіндіру және насихаттауға арналған Үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысы өтті.

Басқосуға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, құқық қорғау құрылымдардың және азаматтық сектордың өкілдері, адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппаратының қызметкерлері, өңірлік өкілдер, ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) мүшелері және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Басқосудың мақсаты — жастарға Конституцияның мәні мен маңызын жан-жақты таныстыру, азаматтардың құқықтары мен міндеттері жөнінде терең түсінік қалыптастыру бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Сонымен қатар, адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайту, азаптаудың алдын алу тетіктерін жетілдіру арқылы Ұлттық алдын алу тетігінің (ҰАТ) қызметін дамыту. 

Көшпелі отырыс аясында Басқарма Төрағасы – Ректор Ләззат Еркінбаева және Қазақстан Республикасында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев жастармен «Жаңа Конституция — жаңа буын» тақырыбында кездесу өткізді.

Кездесу барысында Ләззат Еркінбаева сөз алып, Жаңа Конституцияның тек саяси реформа ғана емес, жастардың болашағына арналған құқықтық негіз екеніне тоқталып, жастарға сапалы білім алу, ғылыммен және инновациямен айналысу, еркін ой айту, өзін дамыту және әлеуметтік мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану сияқты мүмкіндіктер беретінін айтты. Сонымен қатар, заң үстемдігі мен жеке деректерді қорғауға негізделген қауіпсіз ортаны қалыптастыру осы құжаттан басталатынын жеткізді. Жаңа Ата Заңның адам өмірі мен қадір-қасиетін ең жоғары құндылық ретінде бекітіп, жастардың еркін дамуына жол ашатынын және олардың ел болашағын айқындаудағы рөлін күшейтетінін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға арнаған сенімі мен үміті туралы сөзін мысалға келтіріп, жастардың ел болашағындағы айрықша рөлін атап өтті. Сөз соңында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңға құрметпен қарау әр азамат үшін маңызды екенін жеткізді.

Ал, Қазақстан Республикасында адам құқықтарын қорғау саласы жаңа конституциялық және институционалдық өзгерістер арқылы едәуір күшейтілгенін Артур Ластаев атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты ретінде адам өмірі, құқықтары мен бостандықтарын қорғау қағидаты бекітілген.
Конституциялық реформалар нәтижесінде адам құқықтарын қорғаудың құқықтық тетіктері нығайып, олар ажырамас әрі табиғи құндылық ретінде танылды. Бұл құқықтарды шектеуге немесе алып қоюға жол берілмейтіні заңнамалық деңгейде бекітілген. Сондай-ақ, Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының 2002 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын, ал 2013–2014 жылдары Ұлттық алдын алу тетігі іске қосылғанын еске салды. 2021 жылы арнайы заң қабылданып, 2022 жылы институт мәртебесі Конституциялық заң деңгейіне көтерілген. Бүгінде Омбудсмен аппараты азаматтардың өтініштерін қарау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, мониторинг жүргізу және құқықтық мәдениетті арттыру бағытында жүйелі жұмыс атқарып отырғанын тілге тиек етті.

Жастар Конституцияның қоғамдағы маңызы, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, құқықтық сауаттылықтың рөлі туралы өз ойларын ашық айтып, еркін форматта пікір алмасты. Қатысушылар өзекті құқықтық мәселелерді талқылап, жастардың азаматтық ұстанымы мен жауапкершілігін арттыру жолдары жөнінде ой бөлісті. Спикерлер жастардың пікірлерін мұқият тыңдап, олардың ұсыныстарына қолдау білдірді.

Ашық диалог форматында өткен кездесу қатысушыларға еркін ой бөлісуге мүмкіндік беріп, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және жастардың қоғамға деген көзқарасын кеңейтуге ықпал етті.

Кездесуден кейін көшпелі отырыстың пленарлық бөлімі өз жұмысын бастады. Жиын офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылды.

Жиында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев алғы сөз алып, өңірде адам құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты. Мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігі аймақтық деңгейде де оң нәтиже беріп жатқанын сөз етті.

Жиын барысында Үйлестіру кеңесі адам құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар маңызды мәселелер жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, Артур Ластаев Қазақстан Республикасындағы азаптауға, қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жазаға қарсы іс-қимыл туралы арнайы баяндама ұсынды. Баяндамада елдегі азаптаудың алдын алу жүйесіне жан-жақты баға беріліп, ұлттық заңнама мен құқық қолдану тәжірибесінің халықаралық стандарттарға сәйкестігі талданды. Сонымен қатар, бұл бағыттағы алдын алу тетіктерін одан әрі жетілдіру және дамыту перспективалары қарастырылды.

Онлайн форматта БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа сөз алып, Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау саласындағы реформаларға халықаралық ұйымдардың қолдауы тұрақты екенін айтты. Ұлттық алдын алу тетігін дамыту және цифрландыру бағытындағы бастамалардың маңыздылығын ерекше атап өтіп, бұл жүйелердің ашықтық пен тиімділікті арттыратынын жеткізді. Ал, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесі басшысының орынбасары Юрий Фенопетов құқық қорғау саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, азаптаудың алдын алу және мекемелердегі мониторинг жүйесін күшейту – өңірлік қауіпсіздік пен құқықтық мәдениетті дамытудағы негізгі бағыттардың бірі.

Сонымен қатар, офлайн форматта Ішкі істер министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Абай Қайырбеков мекемелердегі жағдайды жақсарту, сотталғандардың құқықтарын қорғау және бақылау тетіктерін күшейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай – ақ, бейнебақылау жүйелерінің кеңінен енгізілуі ашықтықты арттыратынын жеткізді. Ал, Жамбыл облысының прокуроры Бақытжан Әбілов заңдылықты қамтамасыз ету және азаптаудың алдын алу прокуратура органдарының басты міндеттерінің бірі екенін жеткізді. Әрбір шағым мен фактіге қатаң құқықтық баға берілетінін тілге тиек етті.

Басқосу барысында Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) қызметін цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл бағытта мекемелерге бару, мониторинг жүргізу және ақпарат жинау үдерістерін автоматтандыру қажеттілігі айтылды. Цифрлық жүйелерді енгізу арқылы деректердің ашықтығын арттыру, жиналған ақпаратты жедел өңдеу және ұсынымдардың орындалуын тиімді бақылау көзделуде. Цифрландыру ҰАТ қатысушыларының жұмысын жеңілдетіп, есептілік сапасын жаңа деңгейге көтеретіні атап өтілді.

Сонымен қатар, арнайы мекемелерге жасалатын сапарлардың сапасын арттыру мәселесі қаралды. Мониторинг барысында тек формалды тексерумен шектелмей, нақты жағдайды терең талдау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың құқықтарының сақталуын кешенді бағалау қажеттігі айтылды. Мекемелерге бару кезінде ұсынылатын қорытындылардың сапасын күшейту және олардың орындалуын жүйелі бақылау маңызды екені сөз болды.

Отырыста ҰАТ қатысушылары тарапынан берілетін ұсынымдардың орындалу деңгейін арттыру мәселесі де қаралды. Бұл бағытта мемлекеттік органдар мен мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, жауапкершілік тетіктерін нақтылау және ұсыныстардың орындалуын тұрақты мониторингтеу қажеттігі айтылды. Әрбір ұсынымның нақты нәтижеге бағытталуы және оның орындалу барысы ашық бақылауда болуы тиіс екені баса айтылды.

Жиын соңында талқыланған мәселелер қорытындыланып, құқық қорғау саласын дамытуға бағытталған ұсыныстарды кезең-кезеңімен іске асыру жөнінде шешімдер қабылданатыны айтылды.