2026 жылғы 18–20 ақпан аралығында «Журналистика және филология» кафедрасының оқытушысы Еркебаева Гүлдана Саматқызы «6В03212 - Конвергентті журналистика» білім беру бағдарламасының студенттерімен бірге ЮНЕСКО жариялаған Дүниежүзілік радио күніне арналған XIII Халықаралық журналистика және коммуникация қысқы мектебіне қатысты.
Қысқы мектеп жұмысына Эфиопия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қарақалпақстан елдерінен студенттер, магистранттар, PhD докторанттар, оқытушылар және медиа саласының өкілдері қатысты. Іс-шара халықаралық ғылыми-тәжірибелік алаң ретінде заманауи медианың өзекті мәселелерін талқылауға және тәжірибе алмасуға бағытталды. Іс-шараның ашылу салтанаты 18 ақпанда Алматы қаласындағы UN Plaza конференц-залында өтті. Модератор – профессор Гульмира Султанбаева. Бағдарлама аясында фактчекинг, цифрлық және медиа сауаттылық бағытындағы ғылыми басылымдар таныстырылып, университет кітапханасының қорына табысталды. Модульдік сессияларда жасанды интеллект экожүйесіндегі журналистиканың трансформациясы, медиаплюрализм, цифрлық егемендік, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдардағы коммуникация, сондай-ақ журналист мамандығының заманауи кәсіби құзыреттерін қалыптастыру мәселелері жан-жақты қарастырылды. Қатысушылар практикалық кейстерді талдап, халықаралық сарапшылармен пікір алмасты. 19 ақпанда қатысушылар Shalqar radiosy студиясында болып, радиожурналистиканың өндірістік үдерісімен және редакциялық саясатымен танысты. Сонымен қатар делегация Ғылым ордасы кешеніне және ғылыми музейлерге барды. Бұл мәдени-танымдық бағдарлама қатысушылардың кәсіби көкжиегін кеңейтуге ықпал етті. 20 ақпанда ақпараттық және киберқауіпсіздік, халықаралық коммуникация, медиа кеңістіктегі жасанды интеллекттің рөлі және цифрлық трансформация жағдайындағы журналистиканың болашағы тақырыптарында панельдік пікірталастар өтті. Университет басшылығына білім алушылар мен оқытушылардың халықаралық академиялық бастамаларға қатысуына жан-жақты қолдау көрсеткені үшін шынайы алғыс білдіреміз. Көрсетілген қолдау университеттің халықаралық беделін арттыруға және білім сапасын нығайтуға зор үлес қосады. Аталған халықаралық алаң кәсіби тәжірибе алмасуға, академиялық байланыстарды кеңейтуге, студенттердің ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыруға және болашақ медиа мамандарының жаһандық ойлау қабілетін қалыптастыруға мүмкіндік берді.
